«Түркістанда түнде жүру қорқынышты дегенмен келіспеймін»

Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі
Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі
Бақытжан ӘШІРБЕКОВ, Түркістан қаласының әкімі

– Түркістан – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкенттен кейінгі халқы ең көп шаһар. Халқы көп шаһардың қиындықтары да көп болары сөзсіз. Жаңадан әкім болып келгелі қандай қиындықтар алдыңыздан шықты?

– Аты шартарапқа тараған Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, рухани түлеуі мен мәдени келбетін көпшілік жұрт өзге аймақтарға қарағанда өзгеше бағалайтыны белгілі. Себебі, шаһарымыздың атын асқақтатып тұрған Қ.А.Яссауи бабамыздан бастап қазақ даласындағы хан батырларымыз, билеріміз бен абыздарымыздың рухы кімнің де болса киелі топыраққа деген құштарлығын арттыра түсетіні анық.

Әрине, халық көп болған соң, оның да өзіне лайықты мәселелері болады. Осы орайда, мен Түркістан халқының еңбекқорлығын айта кетуді жөн санаймын. Соның арқасында қаламызда бүгінгі күндері жаңа бастамалар, жаңа жобалар жасалып, елмен бірге еңбекке кірісіп кеттік. Ендеше алдымыздан кездесетін ауыртпалықтар да осындағы халықтың ауызбіршілігімен жұмыла жұмыс жасауының нәтижесінде шешіледі деп сеніммен айта аламын.

– Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше нысан Түркістаннан да ашылды. Олардың жұмыс қарқыны қалай? Кейбір нысандар секілді ашылмай жатып жабылып қалу қаупі жоқ па?

– Мен бірінші кезекте өңіріміздің ерекшелігіне тоқталғым келіп отыр. Негізінен жергілікті тұрғындардың ата кәсібі ауылшаруашылығы саласы. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес те түркістандықтарға таңсық кәсіп емес. Міне, осы салалардың қосындысынан өңірде өнеркәсіпті дамыту соңғы жылдары жүйелі жолға қойылған.

Ал, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорындар толық жұмыс істеп тұр. Бағдарлама бойынша өткен жылдан бері 8 жоба іске қосылды. Атап айтсам, полиэтилен құбырларын шығаратын «Баянды құрылыс» ЖШС, темір-бетон бұйымдарын, көпір балкілерін дайындайтын «Ақ жол» ЖШС, сүт өнімдерінен балмұздақ шығаратын «Мұзды тау» ЖШС, жеке кәсіпкер Н.Имажановтың тігін-тоқыма цехі, «Түркістан» сервистік дайындау орталығы, тамшылатып суаруға полиэтилен құбырлары мен өсімдік майын шығаратын «Тұран» ШҚ-ы, түрлі жиһаздар шығаратын жеке кәсіпкер Ф.Құдайбергеновтердің жұмыстары бүгінгі күнде тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Бұл кәсіпорындарда 403 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, жобалардың жалпы табысы осы 9 ай көлемінде шамамен 172 млн теңгеден асып отыр. Сіздің жаңа жобалардың жабылып қалу қауіпі туралы сауалыңызға жауап ретінде, аталған орындар керісінше өз шаруаларын жетілдіру жолында жұмыс жүргізіп жатыр деп айта аламын.

Бұл сөзімнің дәлелі ретінде қаламызда жақында индустриалды аймақтың іске қосылатынын назарыңызға сала кетейін. Өңірімізде өндіріс орындарының санын арттыру мақсатында, шаһардың батыс аймағынан, яғни «Бекзат» шағын ауданынан индустриалды аймақ ашу үшін 103 га жер телімі пайдалануға беріліп, қазір аймақтың инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жақында облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Құрақбайұлы арнайы сапарында индустриялды аймақтың жұмысымен танысып, оң бағасын беріп кеткен болатын.

Мен Түркістан халқының еңбекқорлығын айта кетуді жөн санаймын
Мен Түркістан халқының еңбекқорлығын айта кетуді жөн санаймын

– Күнгейдегі халқының басым бөлігі ауылшаруашылығымен айналысатын аймақтың бірі — Түркістан. Соңғы кездері бұл салада қандай жетістіктер бар?

– Ауылшаруашылығы өңіріміздегі негізгі салалардың бірі. Табыс көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, қаламызда 2012 жылы жалпы өңiрлiк өнiм 64 млрд 549,4 млн теңгенi құраса, соның 32,7%-ы ауылшаруашылығы саласына тиесілі болды.

Қазіргі күнге дейін ауылшаруашылығы саласында 9 млрд 706 млн теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 104,4%-ға артық. Соның ішінде үстіміздегі жылы 38917 гектарға егін егіліп, жоспар 101%-ға орындалды. Сонымен бірге, егін шаруашылығында суды үнемді пайдалану мақсатында 860 гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылды. Бұл межеленген жоспардан 22,8%-ға артығымен орындалды. Айта кетерлігі, Түркістан қаласы аумағында суармалы жер көлемін ұлғайту негізгі мәселелердің бірі. Өңірімізге Бөген су қоймасынан келетін Арыс-Түркістан каналын қоса есептегенде 1305 шақырымды құрайтын 105 канал-арық бар. Бұдан бөлек, Қаратау бөктерінде қысқы қар еріндісі мен жауын суын жинайтын 7 су қоймаларымен бірге 427 тік дренажды құдықтар бар. Бұған қоса, 2 су қоймасын салу үшін тиісті құжаттар рәсімделіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Және де 2014 жылға 34 тік дренажды құдықтарды қалпына келтіру үшін құжаттары рәсімделді. Дегенмен бұл су нысандарынан тұрақты түрде егістік алқапқа су алып отырамыз деген сөз емес. Бұл жерде табиғаттың қолайлылығына қарай су қоры белгілі болады. Біз соңғы уақыттарда осы жағдайды мүмкіндігіне қарай шешу мақсатында біраз жобаларды қолға алдық. Мәселен, биыл жүйелі жұмыстың арқасында 3058 гектар суармалы жер қосымша айналымға қосылды.

Сонымен бірге, мал шаруашылығын дамыту күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Мәселен, мал басы өткен жылдың осы мерзімімен салыстыра отырып айтар болсам, ірі қара мал 103%-ға, жылқы 102,3%-ға, шошқа 113,7%-ға, құс 100,3%-ға өсті. Ал, қой – ешкі 100,7%-ды, түйе 100,3%-ды құрады. Аталған көрсеткіштерге сүйене отырып, жыл сайын мал басының артып келе жатқанын айта кету керек. Алайда, мұндай өсу динамикасы өңіріміздегі мал шаруашылығын дамытуда үлкен серпін бермейді. Біз негізгі күшті саннан сапаға жұмсап жатырмыз. Яғни ет, сүт өңдейтін кәсіпорындарды көптеп қалыптастыруымыз керек. Осы бағытта алдағы жылдары 2 ет өңдеу, 1 сүт, 1 көкөніс өңдеу цехтарын салу жоспарланып отыр.

– Қала елдегі туризмнің басты ошақтарының бірі екенін айтып жатудың өзі артық. Дегенмен қызмет көрсету сапасы аса жоғары емес деген сөздерді жиі естиміз. Қонақтарға жағдай жасай алмасақ, Түркістанның атына сын болары сөзсіз ғой. Сұрайын дегенім туризмді дамыту үшін нендей жұмыс істеудесіздер және атқарылып жатса қашан аяқталады?

– Елбасымыз Түркістанды ұлтымыздың рухани орталығына балауы тегіннен айтылған сөз емес. Бұл ұлағатты сөздің астарында барша жұрт қасиет тұтқан киелі қаланы жан-жақты кемелдендіру жүктеліп отыр. Осыған орай, қалада соңғы жылдары туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда біз осы бағытты одан әрі жетілдіру мақсатында арнайы бағдарлама жасап жатырмыз.

Айта кетерлігі, Қ.А.Яссауи кесенесінің ерекшелігімен бірге, өңірімізде туристерді қызықтыратын өзге де тарихи орындар, табиғаты көз тартарлық Қаратау бөктері мен сұлу сырдың бойы табиғи туризм саласын қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы уақытта осы саланың сан қырларын аша отырып, жүйелі жоба дайындауды көздеп отырмыз.

Енді атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсам, келген туристерге және қала тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында, қаламыздың көшелері, сол көшелердегі көлік кептелістерін ретке келтіру үшін жолды кеңейтіп, қосалқы жол салуды, сонымен жарықтандыру мен көгалдандыру мәселелеріне көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда орталық көшелерді кеңейту, жаңа бағдаршамдар орнату, аялдамаларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, туристердің сұранысына сай өңіріміздегі Ежелгі Сауран қалашығына баратын жол құрылысы мен инфрақұрылымы, Үкаш ата кесенесіне баратын 12 шақырым жол, Гаухар ана кесенесіне баратын жол қалпына келтірілді.

Осы орайда айта кетерлігі, қаламызда туристерге қызмет көрсететін 16 қонақ үй, 3 емдеу сауықтыру орындары жұмыс атқарады. Бұл орындар 1 жылда шамамен 22 мың адамды қабылдайды. Ал, қаламызға келетін туристер саны жобамен 1 жылда 600 мыңнан астам адам. Осы жағдайды ескере отырып, облыс әкімі Асқар Исабекұлының бас-тамасымен Қ.А.Яссауи кесенесіне жақын маңнан жер бөлініп, туристер орталығын салу мәселесі қолға алынып, бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 200 адамға арналған орталықта арнайы жатын бөлмелер, намазхана, мәжіліс залы, құрбандық шалатын орын секілді келушілерге қажетті жағдайлар қарастырылған. Оның үстіне аталған орында қызмет көрсету ақысы төмен болады. Сонымен бірге, кесененің қарсы алдындағы «Алматы» алаңының бойында қаз-қатар орналасқан дүңгіршектердің орнына халық қолөнер шеберлері орталығының құрылысы жүргізілуде. Осыған орай мен жақында жергілікті қолөнер шеберлерінің үйлерінде болып, жұмыстарымен таныстым. Нағыз отандық естелік бұйымдар осы шеберлердің қолында. Әрбір бұйым ұлттық нақышқа негізделген. Бұл өз кезегінде қаламызға келген туристердің сұранысына сай заттар деуге болады. Ендеше біз жергілікті шеберлердің басын қосып, аталған ғимараттан арнайы орын беретін боламыз. Олар сол жердегі шеберханаларда жұмыс жасап, әрі шәкірт тәрбиелесе, жасалған бұйымдарды саудалап, саяхатшыларға өнімдерін ұсынатын болады. Сондықтан біз алдағы уақытта шетелдік арзанқол естелік заттардың орнын отандық тауарлармен толықтыру бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Ол жұмыс Түркістан халқының қолынан келеді.

– Түркістан облыстағы криминогенді аудандардың қатарына жатқызылады. Әсіресе жасөспірімдер арасында болатын қылмыстың саны арта түскен. Түркістандықтардың сөзіне сенсек, қалада түнгі уақыттары жүріп-тұру қорқынышты көрінеді. Атыс-шабыс, төбелесті күнде көреміз дейді. Қылмыстың азаймай тұрғаны рас болса қалалық ішкі істер бөлімі өз жұмысын тиянақты істемей отыр деген сөз ғой?

– Мен қалада түнгі уақытта жүріп-тұру қорқынышты дегенге келіспеймін. Осы қызметке келген күннен бастап мен де тиісті салалардың басшылығынан қаланың тыныштығын сақтауды талап етіп отырмын.

Оның үстіне соңғы бір жылда қалалық ішкі істер басқармасына айтарлықтай қолдау көрсетілді. Соның ішінде тәртіп сақшыларына 40-қа жуық компьютерлер алынып, 10-ға тарта учаскелік полиция тіректері ашылып отыр. Облыстық ішкі істер департаменті тарапынан 14 арнайы жабдықталған қызметтік көліктер берілген. Қосымша полиция бекеттерін, орталық бақылау бекетін салу жоспарда бар. Оған қоса, үстіміздегі жылдың шілде айында қала орталығындағы тұрғындар көп шоғырланатын екі аймақта арнайы бейнекамералармен жабдықталған 2 полиция бекеті пайдалануға берілді. Бекеттердің ерекшелігі, мұның әрқайсысының айналасында түсіру мүмкіндігі жоғары дәрежедегі 7 бейнекамера (бейнекамера кем дегенде 300 метр қашықтыққа дейін түсіру мүмкіндігі бар) орнатылған. Соның нәтижесі болса керек, биыл жалпы қылмыс саны артқанымен ауыр дене жарақатын салу, адам өлімі, тонау фактілері едәуір төмендеген. Бұл қаладағы қылмыстық ахуалдың біршама реттеліп келе жатқандығын байқатады.

Ал, жасөспірімдердің арасында орын алып отырған жағдай баршамызды ойландыратын мәселе. Осы жағдайды түбегейлі анықтау мақсатында жауапты салалар тарапынан тұрақты түрде талдау жұмыстары жүргізіліп отырады.

– Түркістандағы көппәтерлі үйлерге жылу жүргізу мәселесі аяқталғанын білеміз. Дегенмен сол үйлердің шатырын ауыстырып, кіреберісін әрлеу, балалар алаңын салу, бір сөзбен айтқанда модернизациялау жұмыстары қалай жүруде? 70-тен астам көппәтерлі тұрғын үй қашан жап-жаңа кейіпке енер екен?

– Әрине, қала болған соң оның көркін ашатын орталықтағы тұрғын үйлердің әсемдігі ғой. Алайда, осы мәселеге кейбір тұрғындар түсіністікпен қарауына әлі де болса насихат жұмыстары кемшін болып тұрғандай.

Негізгі жұмысқа келетін болсам, біз бірінші кезекте қала аумағындағы жағдайы сын көтермейтін үйлерді жөндеуге күш салып жатырмыз. Соның нәтижесінде Түркістан қаласы бойынша ҚР «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 2012 жылы 6 көпқабатты үй қайта жаңғыртылды. Ал, биылғы жылы 11 көпқабатты үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы аталған жұмыстарға жалпы саны 175 млн 857 мың теңге жұмсалды. Бұл қаржының қайтарымы тұрғындардың есебінен жүргізілетін болады. Айта кетерлігі, негізінен жөндеу жұмыстары үйдің шатырына, сыртқы келбетіне және кіреберіс дәліздерге (подъезд) жүргізілген. Ендеше аталған бағдарлама аясында 2020 жылға дейін біз осы қарқыннан танбайтын боламыз.

Сонымен бірге, 20 жылға жуық жылусыз отырған қаламыздағы көпқабатты үй тұрғындары бүгінде орталық жылу қазандығының қызметін тұтынуда. Қазіргі таңда, орталық қазандық қысқы жылу беру маусымына толықтай дайын. Айта кетерлігі, жаңа құрылғылармен жабдықталған жылу қазандығының қысқы маусымда істен шығу жағдайы орын алмаған. Алдағы уақытта да келеңсіз жағдайларға жол бермес үшін, дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Дегенмен жаңа құрылғының алғашқы іске қосылған кезеңінде тұрғындар тарапынан жылу ақысын төлеу баяу болып, 5 миллион теңгеден аса қарыз жамалды. Осы күні түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аталған қарыздарды өтеу жолдары қарастырылуда.

– Шаһарға газ келді дегелі біраз жыл болды. Әйткенмен елдің көгілдір отынға қарық болғанын көрмей отырмыз. Бұл іс қашан аяқталады өзі? 

– Шаһарымызға газ келгені белгілі. Бірақ тұрғындарға газ жете қойған жоқ. Біз осы мәселенің басын ажыратып айтуымыз керек. Қазіргі күнде қала шетінен «Бейнеу-Шымкент» газ магистралі өтті. Енді осы құбырдан қала мен оған қарасты елді мекендердің барлығы газбен қамтылуы керек. Біз осы мақсатта жергілікті бюджеттен 9,8 млн теңгеге техника-экономикалық негіздемесі дайындалып, ағымдағы жылға «Бейнеу-Шымкент» магистралінен салынатын АГТС құрылысы және АГТС құрылысынан елді мекендерге дейінгі құрылысының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үшін сараптама жасауға 75,4 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен тұрғындарды газбен қамтамасыз ету құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға 60,0 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта қала мен ауылдарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ