Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық біріңғай тестілеу 2015 жылға қарай алынып тасталады» дегелі жұрттың пікірі екіге бөлінді. Бірі «тест жақсы еді» десе, екінші жақ «Дұрыс болды. Бұрынғы билет түрінде емтихан тапсырған жақсы» дегенді алға тартады.
«Тестен құтылсақ» барлығының көңілі жай табады дегеніміз әдіре қалғандай. «Үйреніп қалдық, тесттің тиімділігі көп. Сұрақтың астында жауаптың 4 нұсқасы тұратын еді. Енді оны алып тастаса, балаға қиын болатын болды» дейтіндердің де уәжі құлаққа кіреді.
Вице-министр М.Әбеновтың айтуынша, енді оқушылар ҰБТ орнына екі рет емтихан тапсыратын болады: біріншісін – мектеп бітіргенде, екіншісін – жоғары оқу орнына түскенде. Әрине университетке барғанда таңдаған мамандығына қарай, салалық пәндерден тапсырады.
Емтихан тапсыруда да өзгеріс болмақ.
– Оқушыдан оның білімін ғана тексермей, оны тәжірибеде қаншалықты қолдана алатынын тексеру керек. Біздің ағарту саламыз қазір білім беру бағытында ғана, яғни, қандай да бір салада ақпарат беру. Жаңа формат бойынша мәтінмен жұмыс жүргізу енгізіледі, оның әр саладағы біліктілігін тексеруге арналған әр түрлі тапсырма беріледі. Бұрын бізге білгені ғана жеткілікті болса, бүгін одан сол білімдерінің арқасында талдама жасай білу және жаңа білім алу мүмкіндігі қызықтырады. Жаңа емтихан түрін енгізу оқушының нені есінде сақтап қалғанын ғана көрсетпей, оның алған білімдерін қалай пайдалана алатындығын көруге мүмкіндік беріп, бізге кадрларды іріктеуге көмектеседі, — дейді вице-министр.
Айтпақшы, Ұлттық тестілеу (ҰТ) және Кешенді тестілеу (КТ) деп екі кезеңге бөлінген Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзіндік ерекшеліктері бар.
Бірінші кезеңде (ҰТ) жыл сайын өзгертілетін 5 пән бойынша құрылған логикалық сұрақтар арқылы талапкердің функционалдық сауаттылығы тексерілсе, екінші кезеңде (КТ) талапкерлер ЖОО-ға тәуелсіз тестілеу арқылы таңдаған мамандығына сәйкес екі пәннен құралған блокты тапсырады. Бұл сынақтар арқылы мектеп бітірушінің өз ойын сауатты жеткізе алуы сарапқа салынбақ. Жасыратыны жоқ, компьютердің түймесін басуға машықтанған жастардың, тест сұрақтарына жауапты нүктемен бояп үйренген түлектердің сөйлеуге, өз ойын жеткізуге келгенде кірбіртектеп, екі сөздің басын қосып айта алмайтыны бар. Бұл жолғы сынақ осы кемшіліктерді жоюға септігін тигізсе қанекей?!
Оның үстіне жылдағы келеңсіздікке ұрынбас үшін биыл министрлік «тестілеу заманауи ақпараттық иновациялық технологиялар арқылы өткізіледі» деп сендіріп отыр.
Не десек те бұл жаңалықтың қаншалықты тиімді екендігін екі жылдан соң көретін боламыз. Әзірге, қоғам екіге жарылып тұр.
Мұрат Әбенов, Білім және ғылым министрінің орынбасары:
– 2015 жылға қарай ҰБТ-ны алып тастау көзделуде. Қазір ҰБТ-ға мектеп бітіру мен ЖОО-ға түсу біріктірілген. Бұл өзінің онша тиімсіздігін көрсетті, себебі мектеп бітіруі оқушының белгілі бір білім алғандығын көрсетсе, ЖОО-ға түсу арнайы білім саласындағы білім деңгейін танытса керек. Ал ҰБТ аясында оның арнайы саласындағы білімін бағалау қиын.
Пахтыкүл ТАНЕЕВА, Сайрам ауданы Бәйдібек атындағы орта мектептің бас-тауыш сынып мұғалімі:
– Білімнің негізі бастауышта қаланатындығын ескеретін болсақ, біз мектеп табалдырығын жаңа аттаған кез-келген баланың дүниетанымын арттыруға, әсіресе, айналасындағы-лармен қарым-қатынаста болуына, дос таубына көп көңіл бөлетініміз рас. Бірақ, өкінішке орай, соңғы кезде үйінде тек компьютерлік ойын ойнап, теледидармен ғана өсіп-өнген бүлдіршіндер мектепке келгенде өз ойын жеткізуде қиналатынын жиі кездестіретін болдық. Үйдегі ата-ананың уақыт тығыздығына байланысты баласымен әңгіме-дүкен құруға, дүние танымын кеңейту үшін, оның сұрақтарына жауап беруге келгенде сараңдық танытатыны да жасырын емес. Осыдан барып, бала тұйықталып, сабақ барысында суретті тапсырмаларда әңгіме құрауы кенжелейді. Міне, осы тұрғыдан алғанда өз басым түлектердің ой-қабілетін аңғартатын емтихан сұрақтарының болғанын қолдаймын. Дұрыс жауапты белгілеп қана қоймай, баланың ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін де таразыға салуымыз керек. Ел басқаратын азаматтарды тәрбиелейміз десек, елдің соңынан ертіп алып жүретіндей шешендік, көсемдік, парасаттылық керек жастарға.