Заңгер кеңесі-тегін

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ:

— Кеше далада темекі тартып жолдасымды күтіп тұрсам қасыма бір сержант келіп, темекі тартуға болмайды деп, хаттама толтырып, айыппұл саламыз деп қорқыта бастады. Далада, өз үйімнің ауласында темекі шегіп тұрғаным үшін хаттама толтырып, айыппұл салуы заңды ма?

Жауап:

– «Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 336-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы заңдарында темекi шегуге тыйым салу белгiленген жекелеген қоғамдық орындарда темекi шеккені үшін бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 159-бабының 5-тармағы темекі шегуге тыйым салынатын нақты орындарды белгілеген:

1) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдардың демалуына арналған ұйымдарда;

2) денсаулық сақтау ұйымдарында;

3) қоғамдық тамақтану орындарында;

4) кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да жабық ғимараттарда, соның ішінде түнгі клубтарда, дискотекаларда;

5) мұражайларда, кітапханаларда және лекторийлерде;

6) поездар мен теңіз және өзен көлігі кемелерінде белгіленбеген жерлерде;

6-1) әуе кемесінің бортында, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде автобустар, шағын автобустар, троллейбустар, таксилер және қалалық рельстік көлік салондарында;

7) әуежайлардың, темір жол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;

8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;

9) жұмыс орындары болып табылатын үй-жайларда;

10) үйлердің кіреберістерінде.

Яғни егер полиция қызметкері «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 336-1-бабымен Сізге хаттама толтырған болса, онда полиция қызметкерінің бұл әрекетін заңсыз деп есептеуге болады.

Егер полиция қызметкері Сізге темекіні немесе оның қалдығын жерге не көшеге тастағаны үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 330-бабымен хаттама толтырған болса, онда оның мұндай әрекеті заңды болып табылады. Себебі, темекіні не оның қалдығын, немесе басқа да қоқысты жерге тастау ұсақ бұзақылыққа теңестіріледі.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 330-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап тиiсу, тұрғын жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару және қоғамдық тәртiптi, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңiрегіндегілердi сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да осындай iс-әрекеттер үшін айлық есептiк көрсеткiштiң үштен онға дейінгі мөлшерiнде айыппұл салуға, не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.