Жарамсыз бағдаршамның тұсында тағы бір адам майып болды

480

Жібек жолы күре жолының «Тассай» шағынауданы тұсында орнатылған бағдаршамның кесірінен тағы бір адам жазым болды. Жасыл түсі жанғанда жолдан өтпек болған студентті көлік қағып кеткен. Соның салдарынан зардап шеккен қыз жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Жиі сөніп қалатын, тозығы жеткен бағдаршамның бірнеше жол-көлік оқиғасына себеп болғаны жайлы бірнеше рет жол полицейлері хабардар болған. Алайда осы күнге дейін бағдаршам жаңаланбаған, жаяу жүргіншілер жолағы жасалмаған.

Жол ережесін сақтаған Қазына ауыр жарақат алды
Жол ережесін сақтағанымен, Қазына ауыр жарақат алды

Қазына Егемберді, Шымкент университетінің 4 курс студенті: «Бағдаршамның жасыл түсі жанған еді. Енді алға қарай қадам басқаным сол еді, ары қарайғысын есімді білмеймін».

Қызды қағып кеткен көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Жол апаты туралы хабарды естіген Қазынаның туыстары сол заматта Жетісайдан Шымкентке жетті.

Қазынаның анасы: «Төрт балам бар. Олар ауылда қалды. Қызым университетте оқитын. Екі тәулік бойы дәрігерлер қызымның өмірі үшін күресті. Оларға мың алғыс. Омыртқалары сынған дейді. Орнынан тұра алмайды, басы да шайқалған. Полицейлер қызымды қаққан адамды қамап қойдық дейді. Кім біледі. Әйтеуір  оның туыстары келді, полициядан ешкім ештеңе сұраған жоқ.»

Шымкент университетінің басшылығы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен студенті жайлы хабардар. Оқу орнының басшылығы мұндай жағдайдың жиі қайталануынан қауіптеніп отыр. Өйткені, бағдаршамды былай қойғанда, университеттің алдын қоғамдық көліктер аялдамаға айналдырған.

Бақытжан Шыңғысбаев, Шымкент универститенің ректоры: «Жолдың осы тұсынан колледж бен университеттің студенттері өтеді. Ортада аялдама жоқ. Ақшаға қызығып, жүргізушілер тоқтайды. Сөйтіп, апатты жағдай жасайды. Өткен жылы бұл жағдайға қатысты жол полициясына хат та жіберген болатынбыз. Енді осы жағдайдан кейін, тағы да әрекет жасап көреміз.»

Данабек Мырзабеков,  ОҚО ІІД жол полициясы басқармасының  аға инспекторы: «Бағдаршам Сайрам ауданына қарасты. Алайда ол Сайрамдікі деп отырмаймыз, өз тарапымыздан бағдаршамды  жаңалау жөнінде аудандық ІІБ мен ЖКХ-ға хабарласамыз. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады.»

Алайда баяғы жартас сол жартас, тозығы жетіп, ұзақтан жарығы да шамалы көрінетін бағдаршамның жаңаратын түрі жоқ. Аудандық жол полициясының, облыстағы мамандардың шамасы келмесе, онда арыз-шағымды тікелей министрлікке жібергеніміз дұрыс болар. Тек нәтиже болса, болғаны дейді тассайлықтар.