Қырыққабат артық майдан арылтады

Қырыққабат кальций, калий, фосфор, май, қант, А, В1, С, P, К, В6 және тағы басқа дәрумендерге бай болғандықтан, адам ағзасы үшін өте пайдалы. Қатпаршақкөкті пісіріп, қуырып, ашытып және табиғи күйінде жеуге болады. Ас мәзіріне көп қолдана бермейтін қырыққабат асқазан, бауыр, анемия, демікпе ауруларына бір де бір ем. Қырыққабаттың ағзаның зат алмасуын реттей отырып, семіздіктің алдын алатынын көпшілігіміз біле бермейміз.

46-006

Әлемде қырыққабаттың 35-ке жуық түрі кездеседі. Ең көп таралған, ас мәзіріне жиі қолданылатын 8 түрі бар. Олар: кәдімгі, савой, түсті (цветная капуста), кольраби, қытай, жапырақты, брюссель және пекин қырыққабаты. Сондай-ақ, қатпаршақкөктің туысына шалқам, тарна, қызылша сияқты өсімдіктер де жатады. Ендеше, оқырмандарымызға сан мың дертке шипа болатын, денсаулыққа пайдасы көп қырыққабаттан әзірленетін тағамдарды ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Қырыққабат котлеті

Қажетті заттар: 1 дана капуста, 1 ас қасық сары май немесе маргарин, 0,5 стакан сүт, еттің сорпасы немесе су, 4 ас қасық ұнтақ жармасы, 1 жұмыртқа, пісте май, тұз.

Дайындау әдісі: Жуып, тазаланған қырыққабаттың ортасындағы өзегін алып тастап, ұсақтап тураңыз да табаға салып бұқтырыңыз. Үстіне май және аздап еттің сорпасы, су немесе піскен сүт құйыңыз. Анда-санда араластырып тұруды да ұмытпағайсыз. Дайын болған капустаға жайлап ұнтақ жармасын себе отырып, әбден араластырыңыз. Ұнтақ жармасы толық піскенше (бөрткенше) баяу жанған отта 10-15 минут қайнатады. Содан кейін сәл ғана суытып, шикі жұмыртқа, тұз салып араластырып, қамырша илеңіз. Дайын болған қоспадан котлет жасаңыз да, кептірілген нан ұнтағына аунатыңыз. Табада қыздырылған майға екі жағын аударыстыра отырып қуырып алыңыз. Котлетті қаймақ немесе сүт соуcымен қосып жесеңіз дәмі тіл үйіреді. Сондай-ақ, оған ұсақтап туралып, майға сәл ғана бұқтырылған алма да қосуға болады.

Гүлді қырыққабат салаты

Қажетті заттар: гүлді қырыққабат, қызыл тәтті болгар бұрышы, салат жапырақтары, көк пияз, аскөк, ақжелкен, күнбағы майы, сүйексіз зәйтүн жемісі, тұз.

Дайындау әдісі: Қырыққабаттың басындағы гүлшоғырын бөлшектеп алыңыз да, тұзды суда 1 минут булаңыз. Содан кейін елеуішке салып, суы сорыққанша күтіңіз. Күнбағыс майы қыздырылған табаға салып 3-4 минут қуыру қажет. Қуырылған қырыққабатты тәрелкеге салып, үстіне туралған тәтті болгар бұрышын, салат жапырағын, көк пияз бен аскөк, ақжелкен мен зәйтүн жемісін қосуды ұмытпағайсыз. Араластырып үстіне 2-3 қасық күнбағыс майы мен тұз қосыңыз.

Қырыққабат сорпасы

Қажетті заттар: тауық еті, қырыққабат, пияз – 1 дана, сарымсақ – 3-4 дана, картоп – 3-4 дана, тәтті болгар бұрышы – 1 дана, аскөк, лимон, тұз.

Дайындау әдісі: Алдымен тауықты пісіреміз. Содан соң, сорпаға майдалап туралған қырыққабатты қосыңыз. Сондай-ақ, сорпаға пияз, сарымсақ, болгар бұрышы мен тұз салуды ұмытпағайсыз. Ет піскен кезде сүзіп алып, сорпаға картоп салыңыз. Сорпаны жәй отта бетін жауып пісірген абзал. Тамақ әзір болған кезде, піскен тауықты турап бетіне аскөк сеуіп, лимонның бір тілігін қосыңыз.

Қызылқауданды қырыққабат салаты

Қажетті заттар: қызылқауданды (қызыл түсті) қырыққабат, 1 ас қасық өсімдік майы, тұз, қант, алма, лимон қышқылы немесе сірке суы.

Дайындау әдісі: Ұсақтап туралған қырыққабатты қайнаған суға салып, ағаш қасықпен араластырыңыз. 2 минуттан кейін кепсермен сүзіп алыңыз да, қыш ыдысқа салыңыз. Үстіне лимон қышқылын немесе 2-3 тамшы сірке суын қосуды ұмытпағайсыз. Сондай-ақ, құмшекер, тұз, өсімдік майын қосыңыз. Айтпақшы, қырыққабатқа сәбіз, тәтті болгар бұрышын қосуға да болады.

Фаршталған кольраби қырыққабаты

Қажетті заттар: 1 кг кольрабиге: фарш, 2-3 сәбіз, бір-бір түйірден балдыркөк және ақжелкен, 2-3 ас қасық сары май, жарты стакан күріш, тұз.

Дайындау әдісі: Тазартылған кольрабиді қайнаған тұзды суда 10-15 минут қайнату керек. Піскен кезде кепсермен алып, суығанша күте тұрыңыз. Суыған соң ас қасықпен ортасын ойыңыз (қабығының қалыңдығы 1,5―2 ем болуы керек). Ортасы ойылған кольраби қырыққабатының ішін салмамен толтыру керек. Содан соң арнайы ыдысқа салып, үстіне 2 стакан су және томат соусын құйыңыз. Ыдыстың қақпағын жауып, духовкаға қойыңыз. 40 минут өткен соң, фаршталған кольрабиді духовкадан алып, үстіне 1 стакан қаймақ құйып, тағы да 5 минут бойы духовкада ұстаңыз. Дастарханға қоярда үстіне аскөк пен ақжелкенді себуді ұмытпағайсыз.

Салманы дайындау үшін: балдыркөк пен сәбізді үккіштен өткізіп фаршпен арастырып, сары майға қуыру қажет. Үстіне аз ғана қайнаған су құйыңыз да, 15 минут бұқтырыңыз. Шала піскен күрішті бұқтырылған көкөністермен араластырасыз.

Қырыққабат шницелі

Қажетті заттар: қырыққабат, 3 ас қасық бидай ұны, 3/4 стакан сүт соусы, 4 ас қасық сары май, 1 жұмыртқа, 3 ас қасық кептірілген нан ұнтағы.

Дайындау әдісі: өзегінен тазартылған қырыққабатты қайнату қажет. Шала піскен қырыққабатты судан алып, тәрелкеге салып, суығанын күтіңіз. Содан соң, жапырақтарын жеке-жеке бөлектеп, үстелге қойыңыз. Жапырақтары кепкен соң оларды жаныштап, екі-екіден бөліп, арасына қою сүт тұздығын жағыңыз. Жапырақтарды сопақша формаға келтіріп, тегістеп ұнға аунатыңыз. Көпіршітілген жұмыртқаны жағып, кептірілген нанға аунатуды ұмытпағайсыз. Дайын болған шницелдің екі жағын кезек-кезек аударып отырып, табада пісіру қажет. Дастарханға қоярда үстіне қыздырылған сары май құйыңыз. Айта кетейік, дайын болған шницелімен бірге қаймақ немесе қаймақ соусын беруге болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ