Жетісайға барғам.
Облыс орталығынан шыққанда қоңыр күз еді. Мырзашөл өңірі сап-сары. Алтын күз. Дихан көңілі тоқ көрінді. Мақта жиналып біткен. Қозапая теріп жүргендері бірен-сараң болмаса, көбі жерін жыртқызып тастапты. Қоңыр күзден қызғылт сары аймаққа келе сала айналаға бажайлап тұрғанымыз сол еді. «Мақтаулы балабақшамызды көріңіздер» деген қолқаны ерініп барып орындағанбыз. «Кәдігулі балабақша шығар?! Жеке меншік деген де таңсық болмай қалған дүние ғой» дегенбіз іштей. Ерініп басқан аяғымыз шағын аулаға енгені сол…Жайқалған қызғалдақ, сарғалдақтар көзге ұрынбасы бар ма?! Таң-тамаша боп қалдық. Жап-жасыл аула, гүлдер жайқалып тұр. «Перизат» деп аталатын жеке меншік бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі де көрінді жаздай жайдары қалпымен. Ұзақ жылдар бойына нан зауытында инжинер-технолог болып қызмет атқарған Әміркүл Бегманова тағам тану ісінің шебері екеніне шәк келтіре қоймаспыз. Ал, балабақша ауласын аса шығын шығармай-ақ, сәндеу ісін қайдан меңгерген кім білсін? Түлкібастың төрінде өскен қыз Мырзашөлге келін боп келгенде де ұқыптылық пен есеп-қисапқа жүйріктігін ұмытпаған сыңайлы. («Перизат» балабақшасының ауласындағы қолдан жасалған көз тартар әсем бұйымдарды осы нөмірдің 16-бетіндегі «Ауланы көркейту ешқашан кеш емес» деген тақырыптан көріп білуіңізге болады).
Бұл көргеніміз аз екен. Балабақшамен жіті таныса жүріп, ауланың бір шетінен қылтиған қора-жайды байқадық. Мөңіреген бұзау дауысы естілді. Балабақша және сиыр қора! Түсінбей аңтарылдық. Қораға қарай жылжыдық. Құлақ түріп келеміз. Бұзаулы сиыр шықты алдымыздан. Оның арғы жағында тағы осындай 4 сиыр тұр. Таң-тамаша болдық, тағы.
– Осы сиырларды сауып, бақшамызға келетін балақайларға өзіміз сүт береміз, – дейді өзін балабақшаның шаруашылық меңгерушісімін деп таныстырған Зүбайра Бейсенбаева. Әңгіме айтса сыры ақтарыла кететін жан екен. – Екі мезгіл ыстық тамақ, айран беріп отырамыз. Айына бір сиырды сойып аламыз тағы. Балалардың тамағына сиыр еті пайдалы ғой.
Осылайша Зүбайра ханымнан мұндағы әр бала үшін айына төлемақы 3500 теңге екенін де білдік. Басында 80 орынды болып ашылған балабақша сұраныс артып отырған соң, қанатын кеңейтіп, қазір мұнда 200 бала келеді екен.
– Көкөністі де өзіміз өсіреміз, – деген Зүбайраның әңгімесін тыңдай бергің келеді-ақ. Рахат. Таң қалған сайын таңдана бересің. Бақсақ расында да, бұл балабақшаның өз жылыжайы бар екен. Онда қызанақ, қияр өсіретін тәрбиешілер, бала бағып та, сиыр сауып, қияр жинап та үлгеретіндігі үлгі боларлық тірлік. Бала қараусыз қалатын болса, осы ауылдың дәрігері 7 айлық баласын дәл осы ұжымға сеніп тапсырмас еді ғой, деп қояды күдігімізді сейілтіп, бөбектер тобының тәрбиешісі. Дәл осы Ынтымақ ауылында 5-6 балабақша бар екен. Ал күн өткен сайын бала саны артып отырғаны – «Перизат» балабақшасы. Өз сүті, өз көкөнісі бары да ұнайтын шығар ата-аналарға.
– 10 тоннадай қияр, 6-7 тоннадай қызанақ аламыз жылыжайдан. Балаларға салат етіп бергенге жетеді.
Кәсіпкерліктің көзін тапқан Әміркүл Бегманова онша айта бермейді екен сырын. Зүбайра жан-жақты таныстырып жатыр бізге. «Нанды да өзіміз осында жабамыз. Тәрбиеші қыздар қолы боста қыстың қамы үшін деп жаз бойы банкі жапқан. Балдардың тамағына ол да пайдалы».
«Сатып алатын заттарыңыз бар ма?» дейміз ғой, әлгі жерде ризашылығымызды бірден білдіргіміз келмей.
– Алма мен қантты сатып аламыз. Келесі жылы жеміс ағаштарын да бауға отырғызсақ па деп қоямыз. Оны іске асырсақ, алманы да сатып алмайтын боламыз ғой, – деп шаруашылық меңгерушісі жылы жымияды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=wjD6TVJYgPs[/youtube]
Иә, еңбек еткен адамға көл-көсір пайда қайдан болсын табылары рас екен-ау. Бақыттың өзі сол еңбекпен келетінін ескерсек, «Перизат» балабақшасына келетін бүлдіршіндер де, Әміркүлдей кәсіпкердің арқасында тірліктің көзін тауып жүрген Зүбайрадай шаруашылық меңгерушісінің шарапатына бөленген мұндағы көптеген қыз-келіншектер де бақытты-ау, шамасы.
Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ