«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында салынған «Нұрсәттегі» үйден Отырар, Сайрам, Шардара аудандарынан, Түркістан, Шымкент қалаларынан бағдарламамен қарастырылған 54 отбасыға пәтерлердің кілттері табыс етілді. Олардың 44-і – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім және 10-ы – әлеуеті төмен елді мекеннен қоныс аударуға ниет білдірген отбасы.
Бағдарламаның 3-ші «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағыты бойынша экономикалық белсенді аймақтарға шалғайдағы перспективасы жоқ ауыл тұрғындарын және балалар үйінің тәрбиленушілерін, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды көшіріп, жұмысқа орналастыру көзделген. 2011-2012 жылдары Шымкент қаласында 480 отбасыға арналған 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осы мақсатқа 2655,1 млн теңге бөлініп, игерілген.
Салынып біткен көпқабатты 3 үйге 163 отбасы, оның ішінде 2012 жылы 30 отбасы, 2013 жылдың 1-ші жартыжылдығында 133 отбасы қоныстанып, 240 еңбекке жарамды азаматтардың 91-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның 31-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар, ал 3 адам кәсіби оқытуға жолданса, 3-еуі орта білімін алу үшін кешкі мектепте білім алуда.