Шымқалада жомарт жандар аз емес. Бұған 15 жылдан бері баспана іздеп, 9 баласымен бірге шұбырып жүрген Қарлығаш Дәрібаеваның көзі жетті.Жоқшылық тауқыметінен әбден титықтаған көпбалалы отбасы қыстың көзі қырауда далада қалмайтын болды. Көпбалалы жанұяның жан-айқайына бей-жай қарамаған қаламыздағы жомарт жандардың бірі оларға өз үйін уақытша босатып берді.
Кәсіпкер көпбалалы отбасына көктемде жер телімін әперіп, үй салып берем деп уәде етіп отыр. Бала-шағасымен жаңа үйге қоныс аударған ананың қуанышында шек жоқ.
Қарлығаш Дәрібаева: «9 баламның несібесі бар екен. Осылардың бағына орай жомарт жан табылып, үйлі болып жатырмыз. Едені ағаш, есік-терезесі бүтін. Ең бастысы, электр қуаты, су, газ бар. Ауласы да кең екен. Кәсіпкерге мың да алғысымды білдіремін. Бала-шағасының қызығын көріп, көп жасасын. Алла разы болсын дегім келеді»
Айта кетейік, көпбалалы Дәрібаевтар отбасы бұған дейін шойын жолдың бойындағы не суы, не көгілдір отыны тартылмаған 2 бөлмелі жұпыны үйді 15 мың теңгеге жалға алып келген. Алайда оны үй деп айтуға ауыз бармайды. Едені жоқ, қабырғалары көгеріп, түсіп жатыр. Ал еден мен қабырғаның көгерген қолаңса иісі қолқаны қабады. Аяқтан өткен сыз маңдайдан шығатын.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ruPH0kE53rU[/youtube]
Дәрібаевтардың отбасындағы 5 қыз мектеп оқушысы. Олардың айтуынша, бұрынғы қоныстары мен мектептің арасы 5-6 шақырым. Қатынайтын көлік те жоқ. Сондықтан жаяулатып табанынан тозатын. Ал, енді балақайлар жаңа қонысының маңында орналасқан оқу ордасына барады. Бұған қалалық әкімшілік қызметкерлері қолдан келгенше көмек береміз деп отыр.
Жаңа үйге қоныс аударған отбасы ешкімге алақан жаймай еңбек етеміз деп отыр. Ал, балақайлар оқу озаты боламыз деп уәде етті.