«Барлығы әкімнің қабылдауына кіргісі келеді»

Бегайым Итенқызы

Он үш жылдан бері табан аудармай әкімшіліктің жалпы бөлімін басқарып отырған Бегайым Бахтыбаева қала жұртшылығына жақсы таныс. Өйткені, әкімге айтары бар азаматтардың арыз-шағымдарын алдымен Бегайым ханым қарайды. Шағымдарды сала-саласына қарай реттеп, жауапты мамандарға жолдайтын да Бегайым Итенқызы. Ол осыған дейін әл-Фараби аудандық әкімшілікте бас маман, қала әкімі орынбасарларының референті, қалалық ішкі саясат бөлімінде бірнеше жауапты қызметтерді атқарып келген.

Бегайым Итенқызы
Бегайым Итенқызы

– Барлығы әкімге кіргісі келеді – деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін. Халық әр саланы қадағалап отыратын құзырлы орынның бар екенін ескере бермейді. Әкімнің азаматтарды жеке мәселемен қабылдау уақыты, тәртібі бар. Заң ортақ. Әкім де сол заңнаманың аясында әрекет етеді, мәселе шешеді.

Он шақты жылдан бері жалпы бөлімге басшылық етіп келген Бегайым Итенқызы әуел баста азаматтардың арыз-шағымдары әлеуметтік салаға қатысты болып келетін еді дейді. Тоқырау жылдары әкімшілікке «жалақымызды ала алмай жатырмыз, жәрдемақымызды күтіп жүрміз» деп келетіндер өте көп еді. Қазір шүкіршілік, еліміздің әл-ауқаты көтеріліп, әлеуметтік жағдайы бері қарап келеді. Алайда, көпшілік бар жерде проблема қатар жүреді. Халықтың мұқтаждығы әр кезеңде әрқилы. «Қазір халықтың аманатын арқалап келетін белсенділер көбейді» – дейді Бегайым ханым. Арыз-шағымдардың дені коммуналдық салаға қатысты. Бұл мәселе қалада әлі де болса толық шешімін таппай отыр. Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, жол, су, газ бен жарықтың жайын айтып, қалаға жапсарлас жатқан шағынаудан тұрғындары, ауыл ақсақалдары ат басын жиі бұратын көрінеді. Сондай-ақ, қазір елімізде тұрғын үй нарқы да бет қаратпай тұр. Бұл өз кезегінде халықтың баспанаға деген мұқтаждығын арттырады. Көпбалалы аналар, мүгедектер, жалбызбастылар, жас отбасылар мемлекеттен баспана, жер сұрап келеді. Айтқандай, Бегайым апаймен сұхбаттасып отырғанда кабинетке бірі арбаға таңылған, бірі балдақ ұстаған, бірі аяғын сілтіп әрең басатын үш мүгедек жігіт кіріп келді. Тепсе, темір үзетін шағында қарға адым жер мұң болған қамкөңіл жандардың арманы – тұрғын үй екен. Басында баспаналары жоқ емес, бар тек жайы болмай жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын үшеуі де «Достық» шағынауданында мүгедектерге арналып салынған үйлердің қатарынан өздеріне тиесілі баспаналарын иемденген. Газдандырылмаған шағынаудандағылар пеш жағып, үй жылытады екен. Кемтар жандар отын тасып, от жақпақ түгілі ас-ауқатын әрең ішетін жағдайда. Әкімшілікке тұрып жатқан үйлерін жағдайы жасалған пәтерлерге алмастырып берсеңіздер игі еді деп келіпті. Олар Бегайым ханымды жақсы таниды. Себебі, «Достықтағы» үйлерін аларда да мүгедек жандар Б.Итенқызына келіп, кеңес сұраған. Ол белсене кірісіп, жігіттердің баспаналы болуына себепкер болған. Бұл жолы да олар ешқайда қайырылған жоқ. Тұп-тура осында тартыпты. Өз ісінің білгір маманы, кішіпейіл, ізетшіл Бегайым ханымның көмегіне жүгініп келген кемтар жандар бөлім басшысына құдды жақын бір туысындай ағынан жарылды. Жайлы пәтерге көшудің жолын бір білсе, Бегайым біледі деп келген олардың мұң-мұқтажын кейіпкеріміз ыждағһаттылықпен тыңдап,оң шешілуіне барын салып көмектесетінін жеткізді. Байқағанымыз, Бегайым ханымның ұялы телефонына да тыным жоқ көрінеді. Жұмыс телефон тіпті босамайды. Қоңыраудан қоңырау… Әртүрлі өтініш-тілектер толассыз түсіп жатыр.

Өйткені, әкімге айтары бар азаматтардың арыз-шағымдарын алдымен Бегайым ханым қарайды
Өйткені, әкімге айтары бар азаматтардың арыз-шағымдарын алдымен Бегайым ханым қарайды

Жалпы бөлім – әкім-шіліктің айнасы. Мұнда күн сайын әртүрлі адамдар келеді. Бірінің жарығы жоқ болса, бірінің сол жарықты жағатын үйі де жоқ. Біздің кейіпкеріміз әбден діңкесі құрып, шаршағандармен де, ашуға булыққандармен де «мына тірлікті жасайық» деп белсеніп келген жандармен де күн сайын бетпе-бет келіп жатады. Қызметтік этикадан аттамай бәріне бірдей ілтипаттылық көрсетіп, жөн-жосық сілтеуді Бегайым ханым міндетім деп біледі. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда да «жерге наным жоқ, күнімді көре алмай жүрмін» деп келетін азаматтар қатары сейілмей отырған сыңайлы. Бегайым апай оларға балық емес, қармақ беру керектігін де біледі. Жөн сілтейді. Мәселелері шешілген соң, артынан «рахметін» айтуды да ұмытпайтындар баршылық. Жұрт қазір мәселенің барлығы тамыр-таныспен, парамен ғана шешіледі деп біледі. Бегайым ханым халықтың осы түсініктен арылатын кезі жетті дейді. Қазір заман басқа, заң басқа. «Сол заңның аясында әрекет істесе, азамат мәселесін өзі-ақ шешеді» дейді біздің кейіпкер.

Билік пен халықты байланыстырып жүрген осындай мамандар көп болса, әкімдікке деген елдің көзқарасы да түзу болар еді.

Елуді еңсерсе де, Бегайым апайдың реңі әлі де таймаған. Жүзі жылы жанның дидарынан ерекше мейрімділік сезіледі. Өзіңізге қалай күтім жасайсыз деп сұрадық. «Тамақты талғап жейтінім болмаса, аса күтім жасамаймын. Тіпті боянып-сылануды білмеймін. Қырау түскен шашым да сол күйі. Жасандылықты жаным жек көреді» деп жауап берді. Табиғатынан жасандылыққа жаны қас біздің кейіпкер отбасын да ұршықтай иіріп отыр. Қызметтің де қиюын келтіріп, отағасының да бабын тауып жүрген ол отбасында өзінің әйел рөлін ешқашан ұмытқан емес. Бірқатар қызметтік биіктерді бағындырған – аяулы жар, бір әулеттің үлгілі келіні. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізетін ұмытпаған жан.

Мақпал РЫСБАЕВА