«Біздің шенеуніктер «өлетін» жерін біледі»

Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ
Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ
Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ

– Болат аға, Оңтүстік Қазақстан облысын талай жыл басқардыңыз. Жалпы, осы өңірдің топырағында туып-өскен адам ретінде облыстың қазіргі кескін-келбетіне, дамуына қандай баға берер едіңіз?

– Жалпы, соңғы 10 жылда еліміз қарқынды дамуда. Оның ішінде ОҚО-ның да әл-ауқаты көтеріліп, экономикалық тұрғыдан да өркендеп келеді. Облыс орталығы Шымкенттің кескін-келбеті де күн сайын ажарланып, республика деңгейінде үшінші қала ретінде қалыптасуда. Қалада қазір құрылыс қыз-қыз қайнап жатыр. Биік-биік зәулім үйлер мен көз тартар ескерткіштер Шымқалаға әдемі рең беріп, шын мәнінде шырайлы қалаға айналған. Мұның барлығы өңірді өркендету үшін жұмыстың жасалып жатқанын көрсетеді.

– Баспасөз беттерінен көп көріне бермейсіз. Басқа әріптестеріңізбен салыстырғанда теледидардан да сирек көреміз. Себебі неде? 

– Ондайды менің жан-дүнием қаламайды. Өзімді көрсетіп жүгіре бергім келмейді. Өзін жарнамалап, белсеніп жүретін әріптестерді білемін. Бірақ, қайсыбір мәселелерді халық алдына шықпай-ақ шешуге болады ғой. Ең бастысы, мәселенің шешілгені емес пе? Егер журналист сұхбатқа шақырса, бас тартпаймын. Мені облыс журналистерінен гөрі республикалық телеарна, газет тілшілері көбірек іздейді.

– Не үшін? 

– Оны өзіңіздің әріптестеріңізден сұрап көрсеңіз болады…

– Ал Сіздің ойыңыз қалай? 

– Ол туралы ойламаппын да. Әйтеуір Оңтүстіктің журналистері көп мазалаған жоқ. Онысына да рахмет.

– Дегенмен, бір сұхбатыңызда өңірде сіз басқарып тұрған тұста орын алған ЖҚТБ-ға (ВИЧ) қатысты жағдайды өршітіп жіберген журналистерге өкпе-ренішіңізді білдірген екенсіз…

– Журналистерге неге ренжиін. Оларға тапсырыс берілген жоқ па? Барлық қалам ұстаған қауымға топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, бірен-саран тілшілер әлдебіреулердің тапсырысын орындағаны жасырын емес. Жалпы, журналистердің еңбегін бағалаймын өз басым. Олардың арасында небір ісіне адал, кәсіби журналист іні-қарындастарым, тіпті достарым да жүр. Сондықтан, барлығына бірдей күйе жаққым келмейді. Эпидемиялық жағдайдың өршуі оңтүстікте кейін де болды. Мәселен, бұрнағы жылы қаншама жүкті әйел шошқа тұмауына шалдығып, ажал құшты. Одан кейін өңірде безгек ауруы өршіді. Сол бір ауыр кезді еске түсіретін сауалдар менің қыр соңымнан әлі қалмайды. Облыста 4 жылда атқарған жұмыстарымнан гөрі, осы бір оқиғаның ғана елдің есінде қалып қойғанына қатты налимын. Осындай сауалдар алдымнан кесе көлденең шыққанда құдды бір өзім осы індетті жұқтырғандай сезініп кетем. Кезінде Бердібек Машбекұлы тірлігі тұралаған Кентауға мені әкім етіп тағайындады. «Ахуалды түзетіп, әл-ауқатын көтер» деп сенім білдірді. Ол кезде жағдай тіпті қиын еді. Жәрдемақысын ала алмаған әйелдер әкімшіліктің ғимаратында түнейтін. Әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмаған мүгедектер ғимараттың алдында тұратын. Сол ахуалды да ретке келтірдік. Шымкентте 2001 жылдары тіпті коммуналдық мәселелер де ушығып тұрған болатын. Оны шештік. Қаланы гүлдендірдік. Ол кезде қазіргідей ағыл-тегіл бюджет те жоқ қой. Там-тұмдаған қаржымен-ақ талай істі тындырдық. Оның бірі де айтылмайды. Айналып келіп, сол бір ауыр жағдайды есіме саласыңдар. Иә, бұл – трагедия. Қаншама отбасы қайғыдан қан жұтты. Белі бесіктен шықпаған бейкүнә сәбилер айықпас дертке шалдықты. Оған өзімнің де жаным ауырады әлге дейін. Бірақ, атқарылған істерді де ұмытпау керек шығар…

– Қабырғалы Парламентте де талай істің басын қайырдыңыз. Заң шығару органы сізді неге үйретті? Оның жауапкершілігі қандай екен?

– Парламентте 6 жыл қызмет еттім. Осы уақыт аралығында көп нәрсені үйрендім. Саяси білім-білігімді арттырдым. Аудан, қала, облыс деңгейінде әкім болып қызмет еттім. Әкімшілікті орындаушы орган деп бекер айтпайды ғой. У-шу, арыз-шағымнан бас ала алмай отырасың онда. Ал Парламент шынында салиқалы, қабырғалы орган. Соған сай жауапкершілігі де жоғары. Мұнда жан-жақты жетілесің. Бір мәселеге жан-жақты қарауға дағдыланасың…

– Сенатор болып сайланарыңызды алдын ала білдіңіз бе?

– Жоқ, білгем жоқ. Президент Жарлығымен 2007 жылдың тамызында сенатор болып сайландым. Сөйтіп жеті жыл Парламент қабырғасында қызмет еттім.

– Парламентте көкейіңізге қонбаған, бір қайнауы ішінде кеткен заңдар болды ма?

– Жасыратыны жоқ, болып тұрды. Шикілі-пісілі, бір қарауы кем талай Заң қабылданып кетті. Солардың бірі – темекі акцизінің ставкаларын көтеру туралы заңнама болатын. Заңдар талқылауға түсіп жатқанда, бұл кімге қалай әсер етеді екен, халықтың наласына қалмаймыз ба деген жақ-жақтан қаумалаған ойлардың астында қаласың….

– Депутаттық сауалдарыңыз туралы айтсаңыз. Оған тиісті жауаптар алдыңыз ба? Сіз көтерген мәселелер несімен өзекті еді?

– Тиісті жауаптарды алып отырдым. Менің депутаттық сауалдарымның көпшілігі оңтүстікте орын алып жатқан мәселелерге қатысты болып келді. Мәселен, облыстық балалар ауруханасының іске қосылуын — таза менің еңбегім деп айта аламын. Ол кезде экономика министрі Бақыт Сұлтанов еді. Аурухананың құрылысы бітпей қалғанда министрге тікелей шығып, көмектесуін сұрадық. Көмектесті. Қаржы бөлді. Рахмет онысына. Құдайға шүкір, қазір аурухана ел игілігіне жарап тұр. Қазығұрт ауданындағы 8 ауылды газбен қамту жұмысына да белсене кірістім. Облыс-тан бір тиын қаржы сұрамай, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен газдандыру мәселесін де шешіп бердік.

– Қазір қайда жүрсіз? Немен айналысып жатырсыз? Көрінбей кеттіңіз.. Саяси аренадан не үшін шығып қалдыңыз? 

– Өзімді саяси аренадан шығып қалдым деп есептемеймін. «Қазатомпром» ҰАҚ төрағасы В.Школьник мырзаның кеңесшісі болып қызмет етудемін.

– Алдағы уақытта сізді саяси ортада билік орынтақтарының бірінен көруіміз мүмкін бе? 

– Әбден мүмкін… Орыстардың «Генерал болуды армандамайтын солдат нашар солдат» дейтіні бар емес пе? Мен саясаттың адамымын. Саясатта әлі де талай іс тындырамын деп айта аламын.

– Егер де Оңтүстік Қазақстан облысын қайта басқару туралы ұсыныс алсаңыз, шешіміңіз қалай болар еді? Халық қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

– Алдағыны ешкім болжап болмайды. Ертең қандай жағдай болып кететінін білмейсің. Халықтың да қалай қабылдайтынын мен білмеймін. Бірақ, екінші рет облысты басқарайын деп те тұрғаным жоқ. Төрт жыл басқардым. Сол жетеді. Аз тірлік жасаған жоқпыз. Мен басқарып тұрған тұста өңірдің экономикалық өрлеуін жолға қоятын арнайы экономикалық аймақ ашылды. «Нұрсәт» шағындауданындағы және Д.Қонаев даңғылындағы үйлер де сол кезде қолға алынған жобалар болатын.

– Болат аға, жақында жаппай ауыл әкімдерінің сайлауын өткіздік. Бұл бізге не берді? Бұл жүйеден не күтесіз?

– Парламентте ауыл әкімдерін сайлау туралы Заң қабылданғанда мен де болдым. Бұл жүйе туралы бір-ақ нәрсені айтуға болады. Егер ауыл әкімінің өз бюджеті болса, онда қоғамда өзгерістер болуы мүмкін. Ал қаржысы жоқ әкім ештеңе де істей алмайды. Әкімшілік жүйе баяғы жартас күйінде қалады. Ал әзірге олардың жеке бюджеті жоқ. Жалпы, ауыл әкімдерін тұрғылықты халық сайлау керек.

– Жасыңыз орта жастан асса да сергек жүресіз. Сыры неде? 

– Рахмет. Алайда өзімді қатты күтпеймін. Жұрт сияқты, формамды сақтап қалу үшін спортпен шұғылданамын деп те мақтанбай-ақ қояйын. Анда-санда фитнеске баратыным бар. Денсаулығыма көп қараймын. Өз дертіңді өзің білесің. Сондықтан, дер кезінде дәрігерге қаралып, жиі кеңес алып тұратыным бар.

– Өмірде неге жаныңыз ауырады? 

– Құдайға шүкір, жұмыс жүріп жатыр. Немерелер өсіп жатыр. Балалар өз-өзімен… Үш балам да қазір отбасылы. 5 немеремнің ортасында сүйікті ата болып жүрген жайым бар. Келіндер жүр қызмет етіп. Біздің отбасы — интернационалист. Бір келінім – орыс. Ізетінен айнымаған ешқашан. Өз шаруасын атқарып, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп» жүгіріп жүреді. Мен ойлаймын, адамның ұлтында тұрған ештеңе жоқ. Иман, ар-ұят әркімнің жүрегінде. Жалпы, жеке өмірімде қатты алаңдататын мәселе жоқ.

– Ал қоғамда сізді қандай мәселе мазалайды?

– Мен бұрын ойлаушы едім. Біздің қазақ халқы дініне берік, жастарымыз да осы жолмен жүреді деп. Олай болмай шықты. Жас буынның өзге дінді ұстанып, бөгде ниеттілердің соңынан еріп бара жатқаны жаныма батады. Сириядағы жастардың мәселесі қазір ушығып тұр. Мені қатты алаңдататын тағы бір жәйт – елімізде өршіп тұрған жемқорлық. Мемлекет қаражатын оңды-соңды жұмсап, жемқорлыққа жағдай туғызып отырғандардың мәселесі қазір қызу талқыланып жатыр. Оларға қолданылатын шаралар да ширай түсті. Сонда да жемқорлықты толықтай ауыздықтай алмай отырмыз.

– Бәлкім, жемқорлыққа жағдай туғызып отырғандарға Қытайдағыдай саусақ шабудан бас-талатын қатаң шараларды көру керек шығар… 

– Шараларды қатайту керек. Бірақ, қытайдың үлгісі бізге қажет емес. Біздің өз жүйеміз, өмір сүру салтымыз бар. Сондықтан, соған қарай шаралар көрілуі керек. Мәселен, қатаң заңдары болса да Қытай мен Сингапур жемқорлыққа 100% жол бермей отыр дегенге сену қиын. Ондай фактілердің бұл елдерде төмен екені рас. Ал өзімізге келер болсақ, соңғы кездері бізде де жемқорлыққа апаратын жолдарға шектеулер қойылуда. Соны қатайта түссек, біздің шенеуніктер де «өлетін» жерін біледі. Кімнің ел алдында абыройсыз қалып, қызметтен шеттетілгісі келеді дейсіз…

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА