Дәрігерлер мен фармацевтерді дайындауға жұмыс берушілер де атсалысуда

285
Оқу бағдарламасына жұмысберушілер ұсыныстар берді

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының мамандары білікті кадрларды жұмыс берушілермен бірге дайындауды қолға алған. Медициналық мекемелер мен жекеменшік клиникаларға білікті қызметкер қажет екені даусыз. Сондықтан олар да фармацевтика академиясының студенттерін таңдаған мамандығы бойынша машықтандыруға дайын.

Соңғы кездері облыста ғана емес, тұтас Қазақстанда дәрігер тапшылығы байқалып келеді. Сондықтан, фармацевтика және медицина мамандарын дайындауға жұмыс берушілердің де қатысуы бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Таяуда фармацевтика академиясы ұйымдастырған кездесуде медицина мекемелері мен жекеменшік клиникалардың жетекшілері болашақ дәрігерлерді дайындауда студенттердің тәжірибесіне көбірек көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZB3S9RK5Fbw[/youtube]

 Бақытжан Досыбаев, ОҚМФА медицина факультеті деканының орынбасары: «Мұндай дөңгелек үстелдер былтыр да өткен. Онда  жұмыс берушілер түрлі мамандықтар бойынша оқу бағдарламасына өз ұсыныстары мен сын-ескертпелерін де айтты. Бүгінгі кездесу барысында көтерілген мәселерді  де бағдарламаға енгіземіз. Жұмыс берушілер мен  жоғары оқу орындарымен арадағы тығыз қарым-қатынастан, ең алдымен, болашақ маман иелері ұтады.»

«Дау-Мед» клиникасы былтырдан бері фармацевтика академиясының тәжірибелік базасы болып саналады. Мұнда магистрлар, резиденттер мен студенттер алған білімін іс жүзінде дәлелдейді. Бүгінде медицина орталығында академияның радиология, хирургия, жұқпалы аурулар және неврология кафедралары орналасқан.

 Бауыржан Дауей, «Дау-Мед» клиникасының директоры: «Болашақ маман теорияны кітаптан оқығаннан гөрі іс-жүзінде науқаспен жұмыс істегенде көп нәрсе үйренеді. Бізде олар жаңа үлгідегі жабдықтарда жұмыс істеуге машықтанады. Ынтасы бар дарынды студенттерді клиника есебінен  оқытамыз.»

Оқу бағдарламасына жұмысберушілер ұсыныстар берді
Екі жақты кездесу

Мұндай жұмыс үлгісі болашақ фармацевтер мен медицина қызметкерлерін ынталандырып қана қоймай, білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, студенттер диплом алғаннан кейін далада қалмайды деген үміт бар. Бұған қоса қажетті мамандарды дайындауды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік туып отыр.