Келер жылы Оңтүстік Қазақстан облысында жаңадан 50 білім және 40 денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Түркістанда жабық бассейннің құрылысын аяқтау жоспарланды. 26 елдімекен газдандырылады деп көзделуде. Облыстық мәслихат жанындағы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссияда апатты мектептердің жайы мен жаңа білім ордаларына бөлінетін қаржының көлемі талқыланды.
Депутаттар 2014-2016 жылдарға арналған облыс бюджетін қарады. Алдағы жылы білім саласына 35 миллирд астам теңгеден астам қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, аталған салада 33 нысанның құрылысы қолға алынбақ. Келер жылдың соңына дейін өңірде 50 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр. Апатты мектептердің тағдыры да халық қалаулыларының назарынан тыс қалмады.
Алмасбек Мамытбеков, облыстық мәслихаттың депутаты: » Өткен тұрақты комиссияның отырысында облыста 48 апатты мектеп барын естіген едік. Сол мектептердің орнына салынатын білім ордалары қалай қаржыландырылады? Ескі мектепте оқу қауіпті. Сондықтан құрылыс мерзімінде тапсырылуы тиіс.»
Арман Абдуллаев, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «48 апатты мектептің орнында бой көтеретін 8 білім ордасының құрылысына қаржы облыстық бюджеттен, 17-іне республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді деп жоспарлануда. Қалған 23 мектептің құрылысын қазір талқылап жатырмыз.»
«Нұр Отан» партиясының облыстағы басшыларын бір үлгідегі типтік мектептердің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қарастырылған қаржы көлемінің айырмашылығы толғандырды.
Алмасбек Мамытбеков, облыстық мәслихат депутаты:» Неліктен Ордабасы ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы 300 орындық мектептің жобалық-сметалық құжатына бөлінген ақшадан дәл осындай Жамбыл атындағы мектепке 40 миллион теңге кем берілген?»
Халық қалаулылары ел қазынасының әр тиынына тиянақтылық танытқаны қуантарлық жәйт, әрине. Алайда, депутаттардың даурығуы бекер екен. Өйткені, тұрақты комиссияға дайындалған құжаттарда қателік кетіпті. Яғни, Жамбыл атындағы мектеп 200 орындық болып шықты. «2015-2016 жылдарға қарастырылып отырған қаржы көлемі әлі де өзгеріске ұшырайды, бұл тек жоспар» деп ақталды басқармадағылар.