Көп балалы отбасы мынадай лашыққа жайғасқан

Шымкентте тоғыз баласы бар отбасы кедейшіліктің күнін кешіп отыр. Он бес жылдан бері пәтер жағалап жүрген жанұяның осы қыста да далада қалатын түрі бар. Өйткені, ай сайын пәтерақысына он бес мың теңге төлеу отағасына ауыр соғып тұр дейді жас ана. Тоғыз баланың киімі былай тұрсын, тамақ табудың өзі мұңға айналған. Тіпті, мектеп жасындағы қыздары да күн суытқалы сабаққа барудан қалыпты.

Көп балалы отбасы мынадай лашыққа жайғасқан

Көп балалы Дәрібаевтар отбасы шойын жолдың бойында баспана жалдап тұрады. Еш жағдайы жасалмаған екі бөлмеге 15 мың теңге төлейді. Мұнда су құбыры да, көгілдір отын да тартылмаған. Үйдің, тіпті, едені де жоқ, сыз тартады. Шиеттей бала-шаға қыстай қара жердің үстіне жатады. Амалдың жоқтығынан осыған да шүкіршілік етуге мәжбүр. Өйткені, тоғыз баламен басқа пәтер табу қиын. Ал суды көршілерден сатып ішеміз дейді көпбалалы ана. Бәрінен де бала-шағасының күнделікті ас-ауқаты жанын қинайды.

 Қарлығаш Дәрібаева: «Балама бір жасқа толғанша ботқа берілуі тиіс. Емханаға барсам, каша берілмейді. Біреуін 1200 теңгеге сатып аламын. Оны ары кетсе екі күн, үш күн ішеді. Кейде лл да болмай қалса, балам шырылдап жылайды. Сүт сатып алатын ақшамыз болмайды. Бала-шағам нан дейді, сүт дейді. Оның бәрін қайдан тауып беремін?»

Перзенттерінің үлкені он үште болса, ең кішісі – тоғыз айлық. Ұлды боламыз деп үміттеніп жүріп сегіз қыз, бір ұл өмірге келіпті. Бірақ, қазір оларды киіндіріп, ел қатарына қосу оңайға соқпай тұр. Өйткені, отанасы бала күтімімен болса, жолдасының тапқан жалақысы пәтерақы мен наннан артылмайды. Салдарынан жанұяның киерге киімі, ішерге тамағы да жоқ. Қарапайым төсеніш те жетпейді. Ескіні жамап, барды ұқсатып келеді. Ал қыздары күн суығалы мектепке барудан да қалған. Өйткені жолға ақша жоқ, сырт киім тапшы.

 Дариға Тұтқабай, 4-сынып оқушысы: «Әпкем таңертең оқыса, мен түсте оқимын. Ол сабақтан келгенде аяқ киімін күтіп отырамын. Екеуміз бірдей киеміз. Бірдей сабақтан қалып қаламыз. Кластастарым маған күледі. Үсті сасық деп, шашын тарамайды, бантигі де жоқ деп мазақтайды.»

Отағасы Қайырбек – қарапайым күзетші. Осы күнге дейін жан баласынан көмек сұраған емеспін деп отыр. Қазір бүйрегінің жарамсыздығынан ауыр жұмыс істей алмайды.

 Қайырбек Дәрібаев: «Мен диірменде де істедім. Ауыр жұмыстың кесірінен бір күн жұмыс істесем, екі күн демалуым керек. Мен екі күн демалысымда жүк тасыдым. Содан қазір бір емес, екі бүйрегім бес сантиметрдей төмен түсіп кеткен. Содан қазір екі бүйрем ауырып, ондай ауыр жұмысты қойып, тек күзетіш болып жүрмін. Оның айлығы жиырма бес мың теңге.»

Қала басшылары болса көпбалалы отбасының баспана кезегіне былтыр ғана тұрғанын айтады. Оған дейін тұрақты мекенжайының жоғынан құжаттары қабылданбапты. Енді сол кезекті күтуі керек деп отыр.

 Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қарлығаш Дәрібаева әлсіз қамтылған топтар санатында 3340-шы болып кезекте тұр. Заңды тұрғыда кезектен тыс ешқандай баспана бере алмаймыз. Өз кезегімен алуы керек.»

Жағдайы жоқ жанұяға енді қайырымды жандардың көмегіне жүгінуден басқа амал қалмай тұр. Өйткені, пәтер кезегі жақын арада жуықтайтын түрі жоқ.