Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда кемшілік жібергендер жеке жазаға тартылатынын Премьер Серік Ахметов қадап айтты. Мәселен,бір ғана «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 26 қылмыстық іс қозғалған. 140 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған. Алайда, әлі де болса жер-жерде арқаны кеңге салып отырған атқамінерлер баршылық. Салдарынан, қыруар қаржы құмға сіңіп, тұрғындар су таппай титықтап отыр.
Келес ауылының тұрғыны Күлия Қадырова ауыз суды бір шақырым жердегі көрші елдімекеннен тасып ішеді. Ал қыстың күндері қар мен жаңбырдың суын күн көрісіне жаратады. Жүзден аса отбасы қоныстанған Келес елдімекеніне тіршілік нәрін кіргізуге қазынадан үш жыл бұрын 36 миллион теңге қаралған. Қаржы жаратылғанымен су әлі жоқ.
Күлия Қадырова, ауыл тұрғыны: «Кей- кездері арнайы көлікпен су әкеледі. Оны сатып алып ішеміз. Ол жоқ кезде ешек арбамен әкелеміз. Осылайша күн көріп отырмыз. Құдық қазып алдық, бірақ одан пайда жоқ, себебі, жерден тұзды су шығады. Қонақ келіп қалса, тыпырлап қаламыз, көршілерден барып сұрап жүгіреміз. Білмеймін бұл әкімдердің бізге суды қашан жеткізетінін…»
Бір ғана Сарыағаш ауданында «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде 165 нысан салынған. Бірақ, 15 елді мекеннің ауыз су жүйелері іс жүзінде жұмыс істемей тұр. Өйткені су алынатын негізгі қайнар алдын ала зерттелмегендіктен қыруар қаржы жұмсалған су жүйелері қаңырап тұр.
Файзулла Тұрымов, Сарыағаш аудандық прокурорының аға көмекшісі: «Бес елдімекенге су құбырлары тартылған, бірақ суға қосатын нүктесі жоқ. Аудан әкімімен ауыз су бағдарламасы жүзеге асыру барысында жоспарлау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген. Құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы сотты болды».
Ауылдағы халықтың азабы жергілікті билік жақсы таныс. Бірақ, бағдарламаға жауаптылар бірінен-соң бірі ауыса беретіндіктен түйткілдің төркінін өздері де тани бермейді. Сондықтан болар, жұртты жұбатудан әрі аса алмаған атқамінерлер арқаны кеңге салып отыр.
Олжас Исмаилов, Сарыағаш аудандық тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:»»Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінен 2011-2020 жылдарға дейін. 20-шы жылға дейін елдімекендердің 80-90 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=RkBd0kzHP5g[/youtube]
Билік өкілдері келестіктерге таза су жеткізу келесі жылдың күз айына дейін шешімін табады деп уәде берді. Оған аудандық бюджеттен биыл тағы да 60 миллион теңге қаржы қарастырылған екен. Айта кету керек, Сарыағаш ауданында қазір 58 елдімекен таза ауыз сумен қамтылса, әлі 96 ауылда су жүйесі мүлдем тартылмаған.