Мүгедектік-әлеуметтік проблема

Республика бойынша 450 000, ал біздің облыста 100 мыңға жуық мүгедек бар
Республика бойынша 450 000, ал біздің облыста 100 мыңға жуық мүгедек бар
Республика бойынша 450 000, ал біздің облыста 100 мыңға жуық мүгедек бар

Бүгінде әлем халқының 10%-ға жуығын мүгедектер құрайды. Анығырақ айтсақ, дүние жүзінде мүмкіндігі шектеулі 650 миллион адам бар. Өкінішке орай, біздің елде де мүгедектер саны арта түскен. Республика бойынша 450 000, ал біздің облыста 100 мыңға жуық мүгедек бар. Соның ішінде 18 жасқа толмаған 15 мың бала есепке алынған. Бұл өзге елдермен салыстырғанда біршама жақсы көрсеткіш болғанымен, көңіл қуантарлық жай емес.

Шымкент қалалық №3 медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімінің бас маманы Парида Қожабаеваның сөзіне сүйенсек, облыста мүгедек балалардың көп болуының өз себептері де жоқ емес. Біріншіден, аймақта туу көрсеткіші өте жоғары, екіншіден, өзара жақын туыстар арасында некеге тұрушылар көп, үшіншіден, ата-аналар арасында созылмалы, туа бітті және генетикалық аурулардың деңгейі жоғары, экологиялық жағдайдың нашарлығы мен отбасылардағы әлеуметтік жағдай себеп болып отыр. Салдарынан облыста туылған әрбір үшінші сәби туа бітті мүгедек.

ҚР Денсаулық сақтау департаментінің бұйрығына сәйкес, 500 грамнан және 22 аптадан асып туылған сәби тірі туылған деп есептеледі. Статистикаға сүйенсек, шала туылғандардың 30%-ы 1 жасқа дейін өмір сүрмейді. Ал, тірі қалғандардың басым көпшілігінің ақыл-есі кем, сал болып қалады.

– Мүгедектік – медициналық және әлеуметтік проблема. Мүгедек ұғымы ересектер мен балаларда әрқалай түсіндіріледі. Яғни, ересектерде түрлі аурулар мен жарақат алу салдарынан еңбекке қабілеттілігі төмендесе, не жоғалса, балаларда оқыту мен тәрбиелеуге кедергі келтіретін шектеулер жатады. Бұл шектеулерге — бойының өспей қалуы, ақыл-есінің дамымауы, танымдық ойын-сауықтық әрекеттер жасай алмауы жатады, – дейді Парида Қожабаева.

Дегенмен, қазіргі медицина дамыған шақта түрлі туа бітті генетикалық ауруы бар балалардың миына, жұлынына, жүрегіне, дене буындарына ота жасауға болады. ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, мүгедектік науқас адамның денсаулығына тұрақты түрде функционалдық ауытқулар мен кемшіліктер байқалған жағдайда ғана белгіленеді. Яғни, науқас мүгедектік топ алу үшін жергілікті жерде кем дегенде 4 айдан кем емес уақытта емдеу-оңалту шараларын алуы тиіс. Содан кейін ғана емдеу мекемесінің жолдамасымен медициналық-әлеуметтік сараптамаға келуі керек. Алайда, науқастардың басым көпшілігі осы талаптарды орындамай, өзіне мүгедектік топ белгіленуін талап етеді.

2005 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге «мүгедек бала», ал 16-18 жас аралығында «І-ші топтағы мүгедек-бала», «ІІ-ші топтағы мүгедек-бала», «ІІІ-ші топтағы мүгедек-бала» санаты бойынша мүгедектік тағайындалады. Маманның берген мәліметіне сүйенсек, ОҚО бойынша мұндай санаттағы балалар саны 2000-нан асып жығылады.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманың жұмысы мүгедектік топ белгілеумен ғана шектелмейді.

– Біздің маңызды міндет-теріміздің бірі-мүгедектердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы мен оңалту шараларының ойдағыдай жүзеге асуын қадағалау, – дейді бас маман. – Бүгінде әрбір мүмкіндігі шектеулі азамат пен мүгедек-балаларды оңалтудың жеке бағдарламасы түзілген. Айта кетейік, өңірімізде балалар санаториясы болмаған соң, балаларды емдеуге және сауықтыруға мүмкіндік болмай отыр.

Қазақстан бойынша мүгедек балаларға арналған кәсіби лицей Кентау қаласында бар. Онда мүгедектерді есепші, киім пішуші, тігінші, бағдарламашы мамандығы бойынша оқытады. Сондай-ақ, облыстық оңалту-сауықтыру орталығында 16 жасқа толған мүгедек балалар медициналық кәсіби оңалту сабақтарына қатысады. Маманның айтуынша, балалар мүгедектігімен күресу үшін, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып, медициналық-әлеуметтік сараптамалық бөлімшелерде арнайы педиатрлық курстар ашу керек. Нәтижесінде, білікті медициналық көмекке қол жеткізе отырып, әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік туады екен.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ