Қызмет куәлігің болмаса, облыс әкімдігі ғимаратына кіре алмайсың

Бүгінде мемлекеттік мекемеге кіру қиындап кетті. Осылай арызданған тұрғындар шенді-шекпендінің алдына кіріп, арыз айту айға шыққанмен тең деп ашынады. Азаматтардың бұл шағымы қаншалықты негізді және бұл туралы қоғамның пікірі қандай?

Тамыз айының 12 -не облыс әкімдігі ғимаратының  алдына бір топ адам жиналған болатын. Олар — жанайқайын билікке жеткізуге тырысқан қазығұрттықтар. Алайда оларды шенділер ішке жібермеді. Осыны телеарналар түсіре бастаған соң ғана лауазымды тұлғалар наразы жұрттың алдына шықты.

 Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Магистралды құбыр өткен жерде баспанамыз салынған. Оны біз қайдан білеміз? Жер телімі берілгенде осы маңда маңызды нысан бар деп айтпай ма? Енді үйді тұрғызғаннан кейін «бұзамыз» деп сот орындаушылары келуде. Бұл мәселе қашан шешімін табады? Аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырдық. Енді облыс әкімі шешеді деп келдік.»

Қазығұрттықтардың алдына облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі шығып, мәселені енді естіп тұрғанын айтып, енді шара көретінін жеткізді.

Қызмет куәлігің болмаса, облыс әкімдігі ғимаратына кіре алмайсың
Қызметтік куәлігің болмаса, облыс әкімдігі ғимаратына кіре алмайсың

Расында, бүгінде мемлекеттік мекемелерге кіру қарапайым халық үшін мұң болғандай. Қайда барсаң да есік алдына қойылған күзетке кезігетін жұрт бұл көріністі сан-саққа жүгіртеді. Бұған сауалнама барысында көз жеткізуге болады.

 «Бір мәселе туындап, шағымыңызды жеткізу мақсатында мемлекеттік мекемеге кіре аласыз ба?»

Шымкент қаласының тұрғыны: «Кіре алмайсың.  кіре берістен күзетшілер қарсы алады. Рұқсат алуыңды талап етеді. Облыс пен қала әкімдігі ғимараттарында полиция кезекшілік етеді. Мүмкін, шенеуніктерге пара беруге келді деп алаңдайтын шығар.»

Екінші тұрғын: «Елбасы билік халыққа жақын болсын десе, олар алшақтап барады. Бұрын осы атқару комитетіне емін-еркін кіріп, арызымызды айтатын едік. Қазір қаптаған күзетшілер. Не болып бара жатыр өзі. Сонда әкімдер кімнен қорқады, кімнен қорғанады?»

Үшінші тұрғын: «Біраз болды, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспановтың қабылдауына кіре алмай  жүрмін. «Жазыл дейді, ұялы телефоныңды қалдыр» дейді. Мен журналистпін, қалай телефонымды қалдырамын? Қызметіме қатысты құжаттар сұрасаң, бермейді.»

Осы тұрғыда әкімдер халыққа жақын болуы керек деген пікірге облыс мәслихатының депутаттары да қосылады.

Амангелді Сопбеков, облыстық мәслихаттың депутаты: «Облыс әкімдігіне кіру қиын. Пропуск дейді. Оны алып, қабылдау күні жазылып келсең, қабылдамаймын деп шығады. Билік халықпен жақын болуы тиіс деп ойлаймын. Мен басқарып отырған политехникалық колледжде ата-аналарға, өзге де азаматтарға есік ашық. Кезекшілер айтқан жеріне  жеткізіп салады.»

Рәшкүл Оспанәлиева, облыстық мәслихаттың депутаты: «Мемлекеттік мекемеге қарапайым халықтың  кіруі қиындап кеткені жайлы баспасөз беттерінен де, жиналыстарда да айтып келемін. Не көрініс бұл? Олар кімнен қорқады? Дұрыс емес. Елбасының өзі әкімдер халыққа жақын болуы тиіс деп айтты емес пе? Мемлекеттік қызметкерлердің міндеті де соңғы кезде  аз айтылып жүрген жоқ. Бұл мәселені түбінде ашық талқылап, шешуге ат салысамын.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ey1UtNBwsMk[/youtube]

Тұрғындардың айтуынша мемлекеттік мекемелердің ішінде ішкі істер департаментіне кіру қиямет-қайым. Алайда, генерал Асқар Оспанов бұл айыптарды негізсіз деп есептейді.

 Асқар Оспанов, ОҚО ІІД басшысы: «Мұндайды кім айтты? Мен өзім күніне 30-40 адамды қабылдаймын. Кезекшілер қабылдап, мәселені шешетін қызметкерлерге, менің орынбасарларыма жеткізеді. Қабылдауға жібермейді деген жалған әңгіме.»

Ал облыстық салық департаментінің басшысы ғимаратқа кірерде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін алға тартты.

Алтынсары Үмбетәлиев, ОҚО бойынша салық департаментінің басшысы: «Аудандық басқармаларға еш қиындықсыз кіресіздер. Онда кезекшілер сізге көмегін береді. Ал облыстық салық департаментінің ғимаратында қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бізде енді құнды қағаздар, ақша бар дегендей. Күзетшілер бар. Адамдар жеке куәлігі болса кіре алады.»

Мемлекеттік мекемелердің ішінде қалалық әлеуметтік қолдау бөлімі мен жұмыспет қамту орталығына еш қиындықсыз кіре аласыз. Оны тыл ардагері растап отыр.

Замира әже, тыл ардагері: «Көмір сұрап келіп едім, бастығы жоқ екен, орынбасары қабылдады. Проблемаңызды шешеміз деді. Оған да рахмет!»

Жалпы, мемлекеттік мекемелердің табалдырығынан ары аса алмағандар облыс әкімдігі алдындағы жәшікке шағымдарын тастауына әбден болады. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспайтындарды тәртіпке шақыратын Тәртіптік Кеңес те бар.