Дәл осындай атаумен жастар арасында тауарлар мен бұйымдардың, инновациялық жобалардың көрмесі өтті. Көрмеде жастар тарапынан физика, химия, биология, ауылшаруашылығы, астрономия, IT технологиялары салалары бойынша жиырмаға жуық тың жобалар қойылды.
Жиналған жастардың қызығушылығын тудырған «Электронды бесік» көрменің көркін ашты. Оның авторы 22 жастағы Бағдат Лақбаев. Ол Созақ ауданы, Жуантөбе ауылының тумасы. Мамандығы дәнекерлеуші болса да, жаны жаңашылдыққа құмар. Оның туындысы аналардың көмекшісі болмақ. «Электронды бесік» баланы автоматты түрде жұбатып, анасының даусымен ән салады.
Бағдат Лақбаев, жас өнертапқыш: «Бұл енді заманауи» электронды бесік». Бесік ата-бабамыздан келе жатқан дүние, қолданыстан шығып қалмауы үшін заманауи түрін ойлап табуды жөн көрдім. Бесіктің пайдасы — анасына қолқанат. Қол тимей жатқанда, тағы да басқа жағдайларда үлкен көмек көрсетеді, баланы жұбатады».
Ал мынау-мобильді ақпараттандырылған қақпа. Мобильді қақпа-күнделікті тұрмыста адамның күшімен атқарылатын ашу, жабу сияқты іс-әрекеттерін оның қатысуынсыз атқарады. Яғни, қалта телефоныңыз арқылы қоңырау шалсаңыз болғаны, қақпа ашылып,өзі жабылады. Сізді әбігерге салмайтын болады. Мұндай тың жобаны шәуілдірлік жеткіншек ойлап тауыпты.
Жандос Мейірбан, жас өнертапқыш: «Телефон үйде бір жерде тұрады. Қалтаңнан звандайсың, сосын өзі ашылып-жабылады. Сұраныстар болып жатыр, жобам өзіме ұнайды. Ауылда бірнеше үйге жасап көрдік. Рахметтерін айтып жатыр, бұдан асқан бақыт жоқ».
Жобаларды бағалау жастардың еркінде болды. Облыстық жастар орталығы бағалаудың жаңаша түрін ұйымдастырып, жариялыққа жол берді. Көрмені тамашалауға келген жас толқын, сол мезетте дауыс беріп, жеңімпазды анықтады. «Оңтүстік Қазақстанда» жасалған жобасының бірінші орнын күн электр станцияларын теміржол автоматикасы жүйелерінде қолдану жобасы жеңіп алды.
Қанай Әшірбаев, ОҚО жастар орталығының директоры: «Біз бүгін қолдаудың алғы шартын жасадық. Ең бастысы аталған адамдарды көңілге алу. Бұл капиталдың бірінші деңгейі. Оның бойындағы шабытын арттыру. Ал енді инновациялық бағыты бойынша республикалық, халықаралық жарыстарға қатысуға септігін тигізу. Ойлаймыз, біртін-біртін осы азаматтар шыңдалып, өз жетістіктерін көрсетеді деп ойлаймыз».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=r7AjP9eMOHM[/youtube]