Шымкенттегі сот-сараптама институтында жемқорлыққа қатысты дау шықты. Облыстық қаржы полициясының өкілі аталмыш институт жетекшісінің орынбасары мен бас сарапшысы пара алды деген күдікпен тұтқынға алынғанын хабарлады.
Тергеуде анықталғандай, сот-сараптама институты басшысының орынбасары мен бас сарапшысы салынып жатқан құрылыс сапасына оң қорытынды беру үшін құрылыс компаниясынан 675 мың теңге көлемінде ақша талап еткен.
Айта кетейік, сот сарапшылары сапасын тексермей, ақша сұраған нысандар — Ақтас ауылындағы мектеп пен Нұрсәт шағынауданындағы № 217, 218 көпқабатты үйлер. Қазір осы фактіге қатысты тергеу амалдары жалғасуда.