Жаңа жылдық шырша

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов  барлық аудан, қала және мекеме басшыларына үндеу жариялады. Онда жаңа жылдық шыршаны орнатуға асықпауға шақырып, жылдар тоғысуындағы мереке рәмізін безендіруді Тәуелсіздік мейрамынан соң бастауды ұсынды.

Жаңа жылдық шырша
Жаңа жылдық шырша

 

Жасыратыны жоқ, қарашаның жұлдызы туған сәтте облыс орталығынан бастап алыстағы ауылдың алаңына дейін шырша орнатып, 60 күн бұрын жаңа жылға асыққан әкімдер көптеп кездеседі. Жаңа жылға дейінгі аралықтағы Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні тәрізді ұлттық мерекелер жаңа жылдың көлеңкесінде қалып отыр. Әкімдер орталық алаңға шырша орнатып, шеткі жағына елеусіздеу етіп «Тәуелсіздік күні құтты болсын!» деп жазумен құтылғанды жөн көреді. Бұл жыл сайын айтылып, жауыр болған тақырыптардың бірі.

Естеріңізде болса, өткен 2012 жылы жаңа 2013 жылды қарсы алу кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов облыста Тәуелсіздік күнінен бұрын шырша тікпеу туралы тапсырма бергені бар. Оның бұл тапсырмасына қарсы шыққан пенде көрмедік. Биыл да Оңтүстік өңірі сол дәстүрді жалғастырмақшы. Алдымен Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күні тойланады. Одан соң ғана жаңа жылға кезек келмек Оңтүстікте. Бұл елім деген ердің тірлігі!

Сондай-ақ, Қазақстанда жаңажылдық шырша саудасы шектелмек. ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі жаңа жыл қарсаңында шыршаларды Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің рұқсатымен ғана ұсынады. Жаңа жыл қарсаңы кезінде қылқан жапырақты ағаштардың 1 дана жас шыршасын шабу немесе бүлдіру салдарынан келтірілген зиянды өтеу мөлшері 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 25965 теңге сомасын құрайды.