«Төле бидің мұрасы». Шымкентте осындай тақырыпта Әлібекұлы Төле бидің 350 жылдығына орай халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Ауқымды басқосуға шетелдік педагог-ғалымдармен қоса, қаламыздағы жоғарғы және арнаулы оқу орындарының ұстаздары арнайы шақырылған. Басқосу аясында үш жүздің төбе биі болған тұлғаның өмірі мен елді біріктірудегі ерекшеліктері кеңінен айтылды.
Әсет Кембаев, тарихшы: «Төле би ең бірінші Қазақ елінің құқықтық қағидаларын жасаған. Қазіргі тілмен айтқанда, демократиялық елдің негізін қалаған. Алғашқы халықтың тәуелсіз ой-пікірі Төле би заманында-ақ қалыптасқан деуге болады. Оған менің дәлелдерім бар, мұрағатымда құжаттарым бар.»
Қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарының ұстаздар қауымы Төле бидің төрелік жасаған заңнамаларын оқу бағдарламасына жиі қолданатындарын жасырған жоқ. Себебі, қай мәселеде болса да туралығынан таймаған Төле бидің ой-тәсілдерімен біздің бүгінгі Ата заңымыз тереңдеп барып астасады.
[youtube]http://youtu.be/n-RBVqWL2hs[/youtube]
Бұл іс-шараның мән-маңызы жоғары. Мәселен, жиналыста көп құнды дүниелер, мәліметтер айтылды. Оған қатысқан студенттер үшін де алдағы уақыттағы ғылыми жұмыстарына бағыт-бағдар болса керек. Сондықтан дейді оқытушылар, Төле бидің ел алдында жасаған еңбектері мен әділдігі міндетті түрде құқықтану, заңтану пәндерінің жоспарына енгізілмек.
Ғылыми шара аясында Төле бидің өмірінен сыр шертетін тарихшылардың ғылыми топтамалары таратылды. Студенттер тарихшылардың дереккөздеріне қызығушылық танытып, көптеген сауалдар қойды. Басқосу соңында Ұлы жүздің төбе биі болған Төле би жайындағы аңыз-әңгімелер де айтылды.