Төлебиде төрт балабақша ашылды

1004
Нысанбек ауылындағы "Балажан" бақшасы

 Ауыл-аймақтың бүлдіршіндері балабақшаға барады. «Балапан» бағдарламасы аясында төлебилік балғындар мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне қамтылуда. Өңірде таяуда бір емес, төрт бірдей балабақшаның есігі айқара ашылды.

Нысанбек ауылындағы "Балажан" бақшасы
Нысанбек ауылындағы «Балажан» бақшасы

 Осыған дейін ата-әжесінің тәрбиесінде болып келген ауыл балалары енді балабақшаға барады. Аудан орталығынан жырақта орналасқан Нысанбек ауылы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылдың дәл ортасынан бой көтерген «Балажан» бақшасында елуге жуық балдырғанның тәрбиеленуі үшін мемлекеттен 32 миллион теңге бөлінген.

 Гүлбайра Ережепова, Нысанбек ауылының тұрғыны: «Бұрын-соңды Нысанбек ауылында балабақша болған емес. Балаларымыз ата-анасының тәрбиесінде болып келген. Енді балабақша ашылып, қуанып отырмыз. Өсіп келе жатқан немерелеріміз, шөберелеріміз осында тәрбие алатын болды.»

Ленгір қаласындағы "Балбұлақ" балабақшасы
Леңгір қаласындағы «Балбұлақ» балабақшасы

 Леңгір қаласындағы «Балбұлақ» балабақшасын жеке кәсіпкер өз қаржысына ашып отыр. Жаңадан бой көтерген «Қазығұрт» шағынауданында орналасқан бөбекжайда 125 орын бар. Меншігі жеке болса да ата-аналар бір баланың тәрбиесі үшін айына бар-болғаны 7 мың теңге төлейді. Бұл кез келген отбасына ауыр тимеуі тиіс.

 Айгүл Жасмағанбетова, «Балбұлақ» балабақшасының меңгерушісі: «Үлкен көкелеріміз үйлерін балабақшаға берді. Оны жабдықтауды өз қолыма алып, кірістім. Үш айдан бері қолымнан келген мүмкіншілікті жасадым. Табанды еңбегімнің арқасында арманыма жеттім.»

Бақшалар  заман талабына сай жабдықталған

 Төлеби ауданының әкімі бір күнде дәл осындай жекеменшік үш бөбекжайдың қызыл таспасын қиды. Бірі Әлішер Науаи ауылында ашылса, енді бірі Алғабас елдімекенінде бой көтерді. Осылайша балабақша кезегінде тұрған балдырғандардың 59 пайызы мектепке дейінгі тәрбие ошағымен қамтылыпты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш екі еселенбесе, қысқармайды дейді аудан басшысы.

 Әуелхан Тұрғынбеков, Төлеби ауданының әкімі: «Мені ерекше қуантатыны — биыл 6 жекеменшік балабақша ашылды. Үш балабақша — аудан бюджетінің есебінен. Елбасының тікелей тапсырысымен қабылданған «Балапан» бағдарламасын іске асыруға қоғам мүшелерінің атсалысуы, өз үлестерін қосып жатқан жекелей азаматтардың көп болуы — бізді қатты қуантады.»

Балақайлардың қуанышын ертегідегі сүйікті кейіпкерлері де бөлісті
Балақайлардың қуанышымен ертегі кейіпкерлері де бөлісті

 «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылу қарқыны осы қалпынан қайтпаса, 2020 жылы жалғыз төлебиліктер емес, бүкіл қазақстандық балдырған кезекке тұрмай-ақ балабақшамен қамтылуы тиіс. Мамандар осылай деп сендіріп отыр.