Ауыл әкімдерін сайлап алдық. Бірінің ісін ел мақтап, жұрт жақтап үлгерді. Ал енді бірі «әкім болған осы екен» деп пара алып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Жә, айтпағымыз бұл емес. Қош, халық қалаулылары қалап алған азаматтар бұл күнде ауылдың бітпейтін шаруасына кірісіп-ақ кеткен. Жол жөндеу, су жүргізу, мектеп салу, тағысын-тағы әйтеуір өңірді дамыту бағдарламасының арбасын сүйреп жүрген ауыл әкімдері. Көп әкімнің бірі — Ербол Бекбердиев. Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылдық округінің жаңа әкімі. Жас әкімі.
Қарасуға жаңа әкім сайланыпты дегенде елдің елең ете қалмағаны анық. Себебі, соңғы кезде аталған ауыл округіне әкім тұрақтамай кетіп еді. Ал Ербол Сағатұлының әкім болғандығын естіген жұрттың қуанғаны рас. Себебі, ол — осы ауылдың азаматы. Ауылдық әкімдікте алдымен салық, одан жер инспекторы болып қызмет атқарып жүрген жас жігіттің іскерлігін ел танып үлгерген.
– Осы ауылда туып-өскендіктен бар мәселесімен таныспын. Осыдан болса керек, бір орында отырып, шаруаны телефон арқылы шешуді жөн көрмеймін. Қай мәселенің болса да, басынан табылып, сол жерде елмен бірге ақылдасып шешкен әлдеқайда тиімді. Әкім екенмін деп жұмыс бөлмемнен шықпай отырсам, шаруа шала шешілетіні анық. Қабылдауымда да адам көп. Әрқайсысының өз шағымы, өз мәселесі мен мұңы бар. Олар маған сенім артты. Ал сенімді, үмітті ақтау қаншалықты маңызды екендігін өзіңіз де білетін боларсыз, – деді жас әкім.
Міне, әкіммен сұхбат дәл осылай басталды. Әрбір сөзі салмақты. Ойы анық. «Өзге әкімдерден қандай әрекет, не шаруаңыз арқылы ерекшеленгіңіз келеді?» дедім, салиқалы сұхбатты үзіп алмауға тырысып.
– Мен ешкімнен ерекшеленгім келмейді. Ерекше болу да мүмкін емес. Себебі, барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Елді көркейту, дамыту, қордаланған көп шаруаны шешу. Бұл міндет кез келген әкімнің алдында тұр. Бірақ мен жаспын. Бұл менің бойымдағы бар ерекшелік шығар. Ал басқасы нақты міндеттер мен тапсырмалар. Алайда сол баяғы әкімдердің сүре жолымен жүруді мақсат етіп отырғам жоқ. Өзіндік тәсілім мен әдісімді көрсетсем деймін. Осылай тәжірибе жинақтап, көпке үлгі болғым келетіндігін жасырмаймын, – деді ол.
Үлгі дегеннен шығады, кезінде Қарасу ауылының даңқы асқақ болғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Кеңес заманында «Победа» атымен танымал колхоз болып еді. Тәтті жүзім алқабымен, мол мақсарысымен, қамба-қамба бидайымен шартарапқа танымал болған ауылда бүгін мұның бірі де жоқ. Дегенмен дара жолдың даңғылына түскен байырғы шаруалар да қол қусырып қарап отырмауда. Жаңа әкімнің қолға алған шаруасының бірі де бірегейі осы. Ауылдағы бар шаруашылықтың бойына қан жүгіртіп, аяққа тұрғызу екен.
– Біздің ауылда бәрі болды. Кезінде колхоз арқылы көп өніміміз Мәскеу жұртының таңдайын қақтырған еді. Қайта құру заманында көп шаруа тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Сол дүниені қайтарып, мемлекеттің меншігіне өткізуді басты мақсатқа алып отырмыз. Сонда ғана халықтың жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Ауыл халқы үшін көп нәрсенің керегі жоқ қой. Яғни, қорасында малы, жайылым жері, егістік алқабы болатын болса, берекенің бастау алары да анық. Бұл оңай шаруа емес, әрине. Сондықтан, мәселенің басы-қасында ел ағалары мен ақсақалдар кеңесі болуы керек деп білем, – деп, алдағы жоспарымен бөлісті.
Биліктің тізгінін ұстағалы, ел аңсаған ең асыл істі қолға алыпты. Ақсақалдар кеңесін аузына көп алады. Бұл да бір ауыл баласының үлкенге ізет көрсетіп,ақыл тыңдайтын ізгі қасиеті емей не?
– Ауылдық округтің әрбір елді мекенінің Төбе биінен құралған ақсақалдар кеңесі бар. Әлеуметтік мәселелерден бастап, үлкен істерге де осы азаматтарды араластырып отырамыз. Себебі, елдің жайын ел ғана біледі. Неге мұқтаж, қажеттіліктері қандай, бірлік пен берекенің дәнекері не? Міне, осы жәйттерді негізге ала отырып, жұмыс жасап отырмыз. Тағы бір ауыз толтырып айтатын нәрсе, биыл Қарасу ауылындағы көп көшені жөндедік. Жылдар бойына жөндеу, тіпті жамау көрмеген көшелер жаңартылып, тас жол түсті. Енді, 2014 жылдың еншісінде округке қатысты өзге де ауылдардың жолын салып береміз деп отырмыз. Ал одан кейін мектеп мәселесін шешіп алсақ дұрыс болар еді. Көп ауылда білім беру мекемелері ескірген. Аудан тарапынан, облыс тарапынан қолдау тапса, келер жылы біраз бүлдіршіннің де білім алу жолындағы жадайы жақсара түспек, — деді Ербол Бекбердиев.
Ауыл жастарын жұмыспен қамту, олардың бос уақытын мәдени іс шаралармен толықтыру сияқты мәселелерге жас әкімнің өзіндік көзқарасы бар болып шықты. Болашақта Қарасу ауыл округінің жастары топ жарып жатса, ол Ербол Сағатұлының жетістігі деп білерсіз. Нендей жоба мен жоспар екендігін ашып айтқан жоқ. Пісіп жетілмеген жобаны алдын ала айтуға асықпаған шығар, әйтеуір жанары жас-тарды айтқанда жалын атып тұрды.
– Менің қызметім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің әрбір тұрғынының мәселесі менің жұмысыммен тікелей байланысты. Әкім болуға ниет білдіргенімде маған ақыл айтқан адамдар көп болды. Соның бірі – әкем. «Балам, ел басқару оңай шаруа емес. Қағазы да, басқасы да көп. Үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Абыроймен атқаруың керек. Шамаң келе ме? Өз тағдырыңның иесі – өзің. Таңдап алған жол да өзіңдікі. Алайда абыройлы адам болып қалуың керек. Ісің – сенің бет бейнең. Сондықтан саралап қара» деді. Мен бұл сөздерді ой елегінен бір емес, бірнеше рет өткіздім. Егер сайлауда жеңіске жетіп жатсам, абыроймен қызмет атқаруды басты мақсат еттім. Бұл түйінім әлі де тарқаған жоқ. Дәл осы ұранмен қызмет атқардым, атқара да берем. Уәденің адамымын. Уәде –Құдайдың үйі дейді ғой. Азаматтығыма да екі сөйлегенім жараспайтынын білем. Сондықтан айтылған сөз орындалады. Айтылды, орындалды қағидасымен жұмыс жасаймын. Өзім жас болғандықтан, жастар да менен үлгі алуы керек. Өзіме қарап бой түзейтін інілерім болса, мақсатымның орындалғаны деп білем. Өзім де сөзіне берік ағаларды «идеал» тұтып өстім. Туған өлкемнің үдесінен шыға білсем, елдің дамуына тамшыдай болса қосқан үлесім болар еді деп ойлаймын. Отансүйгіштік деген сөзді бұл күні жиі аузымызға алатын болдық қой. Ал ол қандай болады, елді қалай сүйіп, нендей әрекет жасау керек? Бұған бас қатырып жатқандар шамалы. Міне, осы ұғымды ұстаздардан бөлек, біз мемлекеттік қызметкерлер елге ұғындыра білуіміз керек. Тау төңкеріп, толағайша әрекет жаса деп отырғаным жоқ мұнымен. Мәселен, туған өлкенің пайдасы үшін, тым болмағанда тазалықты сақтаса, елдің дамуына, ауылдың көркеюіне үлес қосқаны деп білем, – деді.
Ербол Сағатұлының өз ауылына деген құрметі ерекше. Мұны сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүр. Ал біз өз ауылымызды қаншалықты жақсы көреміз, нендей үлес қосып жүрміз?
Ақмарал Алтынбекқызы