Жуырда үкіметте ірі қалалардағы базарларды жою туралы бастама көтерілді. Бір ғана Шымкентте 35 базар мен сауда орындары бар. Солардың барлығын бір уақытта жауып, заманауи үлгіге көшіретін болсақ, 24 мыңдай азамат жұмыссыз қалуы ықтимал екен. Сатушылардың өзі Шым қаланы базарсыз елестете алмайды. Есесіне жергілікті биліктің ескі үлгідегі базарларды элиталы сауда орнына айналдыру үшін жоспары дайын.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Не талапқа сай емес базарлар жабылады, не қайғылы жағдайлар осылай жалғаса береді. Талапқа сай сауда орталықтарын салып, ашық базарларды бұзу керек. Онда санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайды. Қолдан келгеннің барлығын жасап, азаматтардың қолайлы орындарда отырып сауда жасауына жағдай жасауымыз керек».
Осы мәлімдемеден кейін азаматтардың пікірі екіге бөлінді. Бірі дұрыс деп қолдаса, енді бірі бұрыс дейді.
Азиза Молдабекованың қолында дипломы болса да, базарда жүр. Кәсіби есепші, жалғыз жалақыға қарап отырғанша, сауда-саттықпен айналысқанды дұрыс көріпті. Жеке кәсіпкер ретінде салық төлейді, есесіне зейнетақы қоры ай-сайын толығып отыратын көрінеді. Егер базар жабылса, қарашаның күні қараң болып, элиталы базар иелері жалға алу құныны өсіреді дейді.
Азиза Молдабекова, сатушы: «Сауда орындарына шамамыз жоқ. Олар ауыздарын қатты ашады. Оны соққан адам жеке кәсіпкер болады. Жекеменшікке ешқашан басымызды ұрмаймыз. Бізді асырап отырған, қарапайым базар».
Ал жергілікті билік, болашақта қала ішіндегі базарларды ретке келтірудің жоспарын құрып қойған. Элиталы болмаса да, базарлар заман талабына сай болу керек дейді.
Асқар Қаныбеков, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: «Біз қазір базар басшыларымен меморандум жасап жатырмыз. Меморандум аясында олар жұмыстарын кезең-кезең бойынша жүзеге асыруы керек. Егер ол базарын қайта жабдықтайтын болса, ішіндегі отырған адамдар жұмыссыз қалып кетуі мүмкін ғой».
Рас, егер базарлар бірден жабыла қалса, шымкентте 24 мың адам жұмыссыз қалады. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, салықтан да маза қашады. Былтырғы жылы қала базарларынан салық түрінде қазынаға 566 миллион теңге түсім түскен».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=sLwr7McBViQ[/youtube]
Жұмакүл Маханова, сатушы: «Сауданың арқасында бала-шағамды асырап жатырмын. Үйлендіріп жатырмыз, базардың тең жартысы несие алып, осы сауданың арқасында жауып отыр».
Билік базарды бірден жаппаса да, біртіндеп қала сыртына шығаруды жоспарлап отыр. Биыл «Шымкент-Тұлпар» базары заман көшіне ілессе, келер жылы элиталы базардың үлгісін «Бекжан» көрсетпек. Содан соң, қала сыртынан коммуналдық базар мен құрылыс базары орын теппек.