Шымкентте әдеттегіден өзгеше жол апаты орын алды. Ауди көлігінің жүргізушісі ешнәрсеге соғыспай-ақ көлігін бұзып алды. Оқиға Тұрар Рысқұлов көшесінің бойында орын алған. Түнде үйіне қайтып келе жатқан жүргізуші кенет шұңқырға түсіп кетеді. Бұл шұңқыр — жөнделіп жатқан жолдың бөлігі болып шыққан. Соның салдарынан көліктің төрт бірдей дөңгелегі тесіліп, қирап қалды. Көлікті басқарып отырған азамат оқиғаның кенеттен болғанын айтады. Ол жолдың жөнделіп жатқаны жайлы ешқандай ескерту белгісі болмағанына сендіреді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=mL-vkPwETr4[/youtube]
Дегенмен, жолды салып жатқан компанияның өкілдері мұндай пікірмен келіспейді. Мамандардың айтуынша, қала әкімдігінің тапсырмасы бойынша бүлінген көшелер жөнделіп жатыр. Күндіз жолдағы көлік қозғалысы көп болғандықтан, жөндеу жұмыстары, көбінесе, кешке қарай жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал ондай тұстарға міндетті түрде ескерту белгілерін қоямыз дейді.
Бұл жолы да сондай болған. Тек, жол қозғалысына кедергі жасамасын деген жол полициясы басқармасының қызметкерлерінің нұсқауымен белгілер бір шетке қойылған. Бұл тұста жол салушылар егер жүргізуші көлікті жоғары жылдамдықпен айдамағанда ешқандай келеңсіздікке ұрынбас еді деп отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=8Db2XuARt38[/youtube]
Алайда мұны тыңдайтын жүргізуші жоқ. Ол ескерту белгілері қойылмады дегенінен қайтпайды. Тіпті, алдағы уақытта облыстық ішкі істер департаментіне барып, сондағы жедел басқару орталығының бейнекамераларындағы жазбаға жүгінемін деп отыр.