Жарымжан баласы үшін жәрдемақыны заңсыз алып келген анаға қатысты іс сотта тағы да қаралды. Бұған дейінгі аудандық соттың шешіміне қанағаттанбаған әйел облыстық соттың көмегіне жүгінген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық жәрдемақы төлеу орталығы 3 жыл бойы интернатта тәрбиеленген мүгедек баласы үшін жәрдемақыны ата-анасы заңсыз алып келген деп сотқа арызданған еді. Ал жарымжан баланың анасы ол қаржыны перзентінің денсаулығына жұмсағанын айтып ақталған.
Нәтижесінде, сот ата-ананы мемлекеттен алған 390 мыңдай теңгені қазынаға қайтаруды міндеттеген еді. Бірақ үкіммен келіспеген азаматша касациялық алқаға арыз түсірді. Ал облыстық сот бастапқы шешімді өз күшінде қалдырды.
Сейілхан Ташполатов, облыстық соттың судьясы: «Осы іс бойынша Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының 2013-ші жылғы 5-қыркүйектегі шешімін өзгеріссіз қалдырып, жауапкер Сманованың арыз-талабын қанағаттандырмау туралы қаулы қабылдады».
Бірақ тумысынан құлағы мүкіс баласы үшін жәрдемақыны алып келген Жанар Сманова қаржыны ем-домға жұмсалғаны туралы дәлелдемелері де бар екенін айтады. Яғни, дәрі-дәрмектердің түбіртегін сот алдында ұсынғанымен, шешім өзгерген жоқ. Сондықтан бұл шешіміне қанағаттанған жоқпын деген әлгі әйел енді қағаз құжаттарға сенудің қажеті жоқ деп отыр.
[youtube]http://youtu.be/67ILDrIoZKg[/youtube]