Облыстық жасөспірімдер үйінде ризашылық мерекесі тойланды. Мейірімділік пен ізгілікке шақыратын шарада жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері патриоттық тақырыпта әндер айтты.
Ұстаздарына деген сый-құрметін өлең-жыр арқылы білдіруге тырысты. Бұған қоса өзара 2 топқа бөлініп, спорттық сайыстар ұйымдастырды.
Шыңғыс Молдабек, облыстық жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі: «Мен қазір «Барыс» тобында ойнап жатырмын. Өте қуаныштымын, себебі жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатырмын. Қазір біздің топ жеңіске жетеді деп ойлаймын. Себебі бәріміз белсенді әрі жылдамдықты сақтап жатырмыз. Бұл мерекеге 2 ай бойы дайындалдық. Киімдеріміз бар, топтың жеке таңбасы бар. Бұлардың бәріне тиянақты дайындалуға тура келді».
Арнайы шарада «Кім жылдам?», «Қаппен секіру», «Би өнері» сынды додалар болды. Қатысушылар ә дегеннен-ақ белсенділік танытып, үздік болуға тырысты. Бұл — жастардың мерекеге деген үлкен құрметін білдірсе керек.
Ал осы жасөспірімдер үйі басшылығының айтуынша, алғаш рет 2009 жылы Сара Алпысқызының бастамасымен қолға алынған мейірімділік мейрамы жастардың тәрбиесіне үлкен үлесін қосып келеді.
Сарбиназ Сүлейменова, облыстық жасөспірімдер үйінің директоры:»Біздің балалар бір-біріне бөлек шықса да көмектеседі. Мәселен 2007 жылы 14 үй берілді балаларға. Кейбіреулері өздері еңбектеніп алды. Сол кездерден-ақ бір-біріне көмекке барып жүр. Асарлатып тұрып, үй салады. Бұл деген — үлкен сыйластық пен мейірбандық деп ойлаймын. Сондықтан ризашылық күнінің бізге пайдасы көп».
Қазылар алқасы ойынның нәтижесінде 2 топты бөліп-жармай, «Жеңіске Достық жетті» ұранымен тәмамдады. Бұл шешім — айтулы мерекенің мерейін асырды. Ал қатысушылар естен кетпес қызық әрі денсаулыққа пайдалы ойын болғанын жасырған жоқ.
Қазылар алқасының шешіміне толықтай келіскен жастар естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып жүр. Тіпті ойын кезіндегі қызықты оқиғаларды еске алып, ризашалық күні айрықша атап өтілумен мақтанады.
Айта кетейік, бүгінде облыстық осы жасөспірімдер үйінде 16-23-жас аралығындағы 124 жеткіншек тәрбиеленеді. Баршасы осы ризашылық мерекесін асыға күткенін айтып, арқа-жарқа тойлап жүр.
[youtube]http://youtu.be/PGXLQ70gGJM[/youtube]