Жыға таниды екен

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен Оңтүстікке келген сапарларында талай рет кездесіп, көппен бірге қолын алып, көңіліміз көтеріліп, мәртебеміз биіктеп қалатын-ды

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен Оңтүстікке келген сапарларында талай рет кездесіп, көппен бірге қолын алып, көңіліміз көтеріліп, мәртебеміз биіктеп қалатын-ды. Нұр шашып тұрған арайлы жүзі, дархан жүрегі, салмақты да салиқалы сөздері жиналған жұртқа қуат беріп, болашаққа деген сенімімізді нықтай түсетін-ді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен Оңтүстікке келген сапарларында талай рет кездесіп, көппен бірге қолын алып, көңіліміз көтеріліп, мәртебеміз биіктеп қалатын-ды
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен Оңтүстікке келген сапарларында талай рет кездесіп, көппен бірге қолын алып, көңіліміз көтеріліп, мәртебеміз биіктеп қалатын-ды

Сон-а-ау ертеде, өткен ғасырдың орта шенінде ме, әлде соңғы жылдарында ма Табанды Әжібеков, Мархабат Байғұт үшеуміз Қазығұрт ауданының сол кездегі әкімі Әли Бектаев ұйымдастырған іс-шараға қатысу үшін бара жаттық. Жол-жөнекей:

– Тәке, жағдайыңыз қалай? – деп сұрадым.

– Ой, өте нашар! – деді.

– Неге?

– Күнім күн емес. Әкімшіліктің есік алдында тұрған күзетшісінен бастап барлығы маған бастық. Тоқпақтың астындамын, – деді. Табанды ол кезде облыстық мәдениет басқармасын басқаратын.

– Иә, шынында да жағдайыңыз мүшкіл екен. Мен президенттен (өзіміздің корпорация президентін айтып отырмын) басқа бір жанға бағынбаймын, – дедім.

Байқаймын Тәкеңнің ойына ең мәртебелі Президент оралған болу керек, маған бадырая қарап:

– Байеке, жаңағы айтып отырған Президентің сені жыға таниды ма, осы! – деді. Жүзінде мысқылдың ізі бар сияқты. Мархабат түк білмегенсіп, жымиып отыр. Мен де оны түсіне қалып:

– Кім біледі? Елге келген сайын жапа тармағай қолын алып жатамыз ғой. Таныса танитын шығар, – дедім.

Сол, сол екен, Табанды ағамыздың «Жыға таниды ма?» деген сөзі Мархабаттың арқасында дүйім елге тарады да кетті…

Шымкент қаласының Ордабасы алаңындағы «Жер-Ана» монументі ашылатын күні сағат 11-лерде облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев шақырды. Бардым.

– Бүгін сағат 14:00-де Ордабасы алаңындағы монумент ашылады. Президент қатысып, сөз сөйлейді. Сіз облыс халқының атынан жауап сөз сөйлейтін болдыңыз, – деді.

Төбемнен жай түскендей болды.

– Әлеке, келісе алмаймын. Әзілдеп тұрсыз ба? Патшаның алдында түк дайындықсыз қалай сөйлемекпін. Масқара болар жайым жоқ.

– Бұл облыс әкімі Асқар Исабекұлының ұйғарымы. Ол кісі тек сізге тоқтап отыр. Шегінетін жер жоқ, – деді Ә. Бектаев.

Сонымен көп тартыстан соң, Әлекең жеңіп, келісімімді бердім.

Жастардың атынан студент Балмаржан Нарбекова тілек айтады екен. Екеуміз Президентке жақындау жерде, басқалардан оқшауырақ тұрмыз. Міндет Президент сөйлеп болған соң, еш жаққа бұрылмай, тура микрофонға бару. Сөйлеп біткен соң, Елбасының қасына келіп тұру. Ол қолын ұсынса ғана амандасу.

Президент сөйлеп бітті. Дәл осы жерде ешкім күтпеген оқиға болды. Елбасы бірден халыққа бет алды. Мен микрофонға беттедім. Көмекшісі жүгіріп барып, Нұрекеңе іс-шараның мәнісін түсіндірген болу керек, кері қайтты. Президентпен микрофон жанында бетпе-бет кездестік. Ол қол ұсынды. Мен алдым. Жұмсақ, жайлы алақан ыстығы, сығымдай ұстаған қуатты саусақ маған жаңа күш бергендей, сөйлеп кеттім. Жаратқан Ием жар болды ма, Президенттің мейірімді жанары, жұмсақ алақаны себеп болды ма, абырой болғанда жаңылыспай, қақалып-шашалмай сөзімді аяқтадым да, Нұрекеңнің қасына жақындадым.

Елбасының дидары бал-бұл жанып, айрықша көңілді, өте сергек тұр екен. Маған екінші рет қолын ұсынып:

– Рахмет! – деді.

Еліміздің бірінші басшысының атынан жылы сөз естіп, ризашылық мәртебесіне ие болу – екінің біріне бұйыра бермейтіні кәміл.

… «Мәдени мұра» бағдарла-масына орай, Түркістанда Елбасымен болатын келелі әңгімеге қатысу мәртебесіне елімізден 10 зиялы қауым өкілі ие болдық. Президент келер алдында ауа райы құбылып, жаңбыр сіркіреп жауа бастады. Жиналған қауымның еңсесі түсіп, жаңбырдан жасқаншақтап, тасалау жер іздеуге кірісті. Құдайдың Құдіретіне қарасаңызшы! «Президент келе жатыр!» деген арқалы сөз қалай естілді, сол замат жаңбырдың да жауылғаны саппа тыйылып, күннің көзі ашыла бастады.

Мұражайдың кең бөлмесінде Президентті күтіп отырмыз. Маңдайы жарқырап, жүзі нұр шашып, Нұрекең кіріп келді. Бәріміз орнымыздан тұрдық. Шетімізден қолымызды алып, амандасты да, төрге жайғасты.

Нұрекеңнің жайдары, жайма-шуақ мінезі, мейірімге толы жанары бізді ерекше көңіл-күйге бөледі. Әңгімеміз жоғары деңгейде, ыстық ықыласты жағдайда өтті.

Елбасымыздың мәнді, мағыналы, терең ойлы сөздеріне риза болдық. Әңгімеге қатысушылар да келелі пікірлерді ортаға салды. Мәдени мұраға деген жанашырлық, қамқорлық әңгіменің өн бойында негізгі арқауға айналды.

Әңгіме аяқталды. Президент орнынан тұрды. Біз екі жарылып, жол бердік. Ол жайлап жүріп келеді. Маған жақындаған кезде қолын созды. Мен Елбасының қолын ұстап: «Нұреке, жолыңыз болсын! Денсаулығыңыз мықты болсын!», – деген екі ауыз тілекті айтып үлгердім. Ол: «Рахмет!», – деді де, бізбен жылы қоштасып, есікке қарай беттеді.

Зиялы қауым арасынан қоштасар сәтте тек қана менің қолымды алды, менің мәртебемді тіпті көтеріп жіберді.

Мархабат бұл көріністі байқап тұр екен, жаныма келіп:

– Нұрекең, Сізді шынымен-ақ жыға таниды екен. Бәріміздің жанымыздан өтіп, Сізге ғана қол ұсынуы жыға танудың айшықты дәлелі. Мұны марқұм Табанды ағамыз көргенде, тіпті риза болар еді, – деді.

Мен Мархабатқа да, жанымда тұрған басқаларға да мақтангершілік сезімде, өзіме-өзім риза болған кейіпте көз қиығымды салдым. Олар бәсірейіп, мен биіктеп бара жатқандаймын.

Ой-хай, шіркін-ай!

Елбасының қарапайым ғана, кішігірім елеусіз ілтипаты менің мерейімді тасытып, мәртебемді биіктетіп жібергендей болды. Пендешілік деген осы шығар, бәлкім!

Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисі

Суретті түсірген – Ж.Әбуов