Жер астынан шығып жатқан термалды жылу жүйесін тұтынушылар саны артып келеді. Отырар ауданы орталығындағы көпқабатты 22 тұрғын үй түгел жылумен қамтылуға мүмкіндік алды. Саннан сапаға көшуге қосымша қойылған қондырғы себеп болып отыр. Ол судың температурасын жоғарылату қызметін атқарады.
«Үйде жылу болмаса, жүректе жылу болмайды» дейді облысымыздың құрметті азаматы Сақ Мәуленқұлов. 20 жылдан кейін жылытылған Шәуілдір ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлерде емдік қасиеті бар ыстық су да ағып тұр. Мұндай мүмкіндікке үш жыл уақыттан бері қол жеткізілуде.
Алтынкүл Қазиева, Шәуілдір ауылының тұрғыны: «Көп қабатты үйде тұрамыз. Жылу жүйесі жақсы. 3 жылдан бері беріледі. Бұрыңғыдай от жақпаймыз. Үйдің жылуына 1 кв/метріне 67 теңге төлеп жатырмыз. Бұл бізге ауыр емес».
Пәтердегі термометрдің жоғарғы температураны көрсетуіне екі түрлі өзгеріс жасалған. Үш шақырым жерге жаңадан жылу жүйелері жүргізілген. Және жылу қазандығына жаңа қондырғылар орнатылған. Бұл шығынның азаюына септігін тигізіп отыр.
Базархан Меңлібаев, Отырар аудандық тұрғын үй коммуналдық бөлімнің меңгерушісі: «Биыл қосымша 18 миллион теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Оған екі қазандық, екі сорғыш қойдық. 3 шақырым құбыр тартып, сырты теплоизоляциямен қаптадық. Каналға аққан суды қайта әкеліп, ысытып, жүйеге жіберіп жатырмыз. Биыл шығын болмайды деген сөз».
Жер астынан шығатын ыстық суды кәсіпкерлер де тиімді пайдалана бастады. Аудан басшылығының ұйытқы болуымен жылыжайды жылытуға және суғаруға осы әдіс қолданылуда. Шығынның мүлдем аз жұмсалып, өнімнің мол алынуын соңғы жетістіктер дәлелдеп отыр.
Салыхан Полатов, Отырар ауданының әкімі: «Ауданымыздың ерекшелігі жер асты ыстық су шығады бізде. 60-80 градус аралығында. Кәсіпкерлеріміз осы жылы суды пайдаланып жылы жай сала бастады. Жылытуға шығын жоқ. Көмір, газ пайдаланудың керегі жоқ. Облыстағы, басқа аудандағы кәсіпкерлерді осы ауданымызға жұмыс жасауға шақырамыз».
Дәулет Елеусізұлы, Жылыжайда іс басқарушы: «Пайдасы мол. Жер астынан шығып жатқан 80 градус ыстық су бар. Сонымен жылытамыз. Қайтадан сол суды насоспен сорып, тамшылатып суарамыз. Көктемгі науқанда 15 тонна қияр алдық, күзде тағы сондай өнім болады деген ниетіміз бар».
Қазіргі уақытта Отырар ауданында үш жарым гектар көлемінде жылыжай алқабы болса, ендігі жылы оны үш есеге арттыру жоспарланып отыр. Себебі, бұл көп шығынды қажет етпейді. Сонымен қатар, жұмыс көзі ашылады және елдің экономикасы арта түседі.