Өңірімізде жылу маусымы басталғалы 48 өрт шығу фактісі орын алып үлгерген. Мұның барлығы электр, газ, керосинмен жұмыс істейтін жылыту құрылғыларын пайдалануда қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан туындаған дейді мамандар.
Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің мамандары сақтыққа шақырады. Өйткені өрт өзіне немқұрайлы қарағанды кешірмейді.
Эльмира Ережепова, ОҚО ТЖД бас маманы: «Егер үлкен өрт шықса, өрт сөндірушілерді күту керек. Ешқашан өз еркімен ешнәрсе жасамау керек. Ол дұрыс емес. Адамдар өрттің астында қалып кетуі мүмкін. Құжаттарды аман алып қаламын деп, қаншама жан тілсіз жаудың құрбаны болды. Ең бастысы — бас амандығы. Пештің мұржасын тазалап, беті ашық электр құрылғыларын пайдаланбаған абзал. Сондай-ақ, пешті балаларға сеніп тапсыруға да болмайды.»
Айта өтейік, үстіміздегі жылы облыс аумағындағы тұрғын үйлерде 466 өрт оқиғасы тіркеліп, 166 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келіпті. Сонымен қатар, отты абайсыз пайдалану жағдайларынан 142 рет өрт шыққан. Балалардың отпен ойнауының кесірінен 67 оқыс оқиға орын алыпты. Соның салдарынан жыл басынан бері 13 адам қаза тапқан, оның екеуі балалар.