Соңғы уақытта қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметкерлер қатары артқан. «Ұлт тірегі – Елбасы» атты форумда облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков осылай деді. Бұған қоса мекемелердегі іс-қағаздар да қазақ тілінде рәсімделіп жатыр екен.

 Елбасы құрметіне және ел тәуелсіздігінің 22 жылдық мерейтойына арналған осы шарада жас мамандар баяндамалар оқып, мемлекеттік тілдің мерейін асырды. Айта кетейік, ел аумағында қазақ мектептері мен аралас мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі 71 пайызды құраған. Ал біздің облыста бұл көрсеткіш 5 пайызға артық. 

ОҚО әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков
ОҚО әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков

 Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Сайрам ауданында, қанша дегенімен, өзбек мектептері көп. Бірақ соның өзінде де қазіргі балабақшаларда қазақша топтар көп ашылып жатыр. Себебі, келешекте қазақ тілі қажет. Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болғаннан кейін ертең жұмыс істегенде де жеңілдік болады. Сондықтан қазіргі көп жерде қазақ мектептерде орыс, өзбек, түрік ұлтының өкілдері де қазақ тілін оқуға қызығушылық білдіріп жатыр.»

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған форумға аудан-қалалардан жас мамандар шақырылған. Жоғарғы оқу орындарының студенттері де арнайы қатысты. Арыс қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Анна Шолгина осы шарада «Ғасыр ғұламасы» баяндамасын оқып берді.

 Анна Шолгина: «Менің есімім – Анна. Мен қазақы қалың ортада, киелі Арыс топырағында дүниеге келдім. Кішкентайымнан қазақ балаларымен бірге өсіп, бір нанды бөліскенмін. Сондықтан қазақ тілін меңгеріп, бүгінде мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін. Ұлтым орыс болғанымен, менің жаным қазақ деп есептеймін. Осы сөздерім арқылы туған жеріме өз құрмет-сүйіспеншілігімді білдіргім келеді. Ең бастысы, қазақ тілі қазіргі ортада, бүгінгі таңда маған өте қажет. Өйткені күнделікті жұмыс барысында мен әр ұлттың өкілдерімен еркін қазақ тілінде сөйлесе аламын. Ал бүгінгі форумда мен Елбасының сарабдал саясаты мен ел болашағының көркеюі туралы айтып өттім.»

[youtube]http://youtu.be/2exsM1NGWes[/youtube]

Айта кететін жәйт, қазіргі уақытта Оңтүстікте жерлестерімізді тегін оқытатын мемлекеттік тіл оқыту орталықтары жұмыс жасау үстінде.