Әмбебап полицейлер екі тәулікте 2000 жүргізушіні жазалады

471

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік полиция қызметкерлері ауқымды рейд өткізіп, екі тәуліктің ішінде жол жүру ережесін бұзған 2000-ға тарта жүргізушіні анықтады. Олардың барлығы тиісті жазаға кесілген.

Өңірімізде жол апатының санын азайту мақсатында полицейлер «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты шұғыл-сауықтыру іс-шарасын өткізген болатын. Аталған рейдке 1000-ға тарта полиция қызметкері қатысты. Оның 750-і жол-патрульдік полицейлері болса, 180-і участкелік инспекторлар.

Осы тексерудің нәтижесінде тәртіп сақшылары екі күннің ішінде 2000-ға жуық жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерін ұстады. Атап айтар болсақ, жылдамдықты асырғаны үшін – 34 жүргізушінің, қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін – 182 жүргізушінің, көлігінің терезесін күңгірттегені үшін – 27 жүргізушінің, жол қозғалысы кезінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін – 34 жүргізушінің және көлікті спирттік ішімдік ішіп айдағаны үшін 61 жүргізушінің үстінен әкімшілік хаттамалар толтырды.

Бұған қоса аталған іс-шараның барысында ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласында орналасқан Молда Мұса атындағы №5 орта мектебінің жас инспекторларымен бірігіп, «Қайырымдылық» акциясын өткізді. Бұл акцияға аталған мектептің 50-ден аса оқушысы қатысты.

Акция аясында полицейлер мен жас инспекторлар Шымкент қаласындағы облыстық балалар клиникалық ауруханасында жол апаты салдарынан жарақат алып, емделіп жатқан 15 бүлдіршіннің жағдайын сұрады. Жеткіншектердің көңіл-күйлерін аздап болса да көтеру мақсатында тәртіп сақшылары мен жас инспекторлар оларға түрлі тәттілер мен ойыншықтарды және басқа да сыйлықтарды сыйға тартты.