«14 жаста некеге тұруды заңдастыру қажет». Осы мәселені көтерген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұматай Әлиев: «отбасын құру жас балаларға да тиімді», – дейді. Оның пікірінше, халықты дүрліктірмес үшін неке жасын біртіндеп азайту керек. «Некеге тұру жасын 14 жасқа дейін түсірген жөн. Әуелі 16 жасқа дейін. Бұл қадамды біртіндеп жүзеге асырып, 16 жасқа түсірсек, нәтижесін бірден көрер едік. Ал бірден түсірсек, бұл жаңалық резонанс тудырады, жұртшылық бізбен амандасудан қалады», – дейді Жұматай Әлиев. Иә, амандаспақ түгілі, теріс айналып кететіндер де аз емес болып шықты. Қоғамның қызу талқысына түскен бұл мәселені жақтаушылардан қарсы шыққандар қатары қалың сыңайлы. Әсілінде, «он үште отау иесі» деген халқымыз «үйлену оңай, үй болу қиын» деп артынан тоқтау айтқан болатын. Халық нақылы мен қазіргі заманның сабақтастығы болса да, бүгінгі ұрпақтың сауатын ашып, білімін жетілдіріп, маман иесі атанып, елдің дамуына өз үлесін қосуына зор мүмкіндіктер жасалған. Технология қарыштап дамып, өскелең ұрпаққа ғажап мүмкіндіктер ашылып отырған тұста жасөспірімдерді тұрмыстық тауқыметпен жолын байлау ағаттық. Бұл пікірге психолог мамандар тіпті қарсы. Әңгіме ауаны жеткіншектер арасындағы түсік жасату жағдайларына да ойысты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда жасанды түсік жиі тіркелген. Бұған мектептерде оқытылатын валеология пәні аз да болса түрткі дейді депутаттар. Бұл пікірді ұстаздар да қолдап отыр. «Валеология пәні жыныстық қатынастан сақтандырудың орнына, соған итермелеуге себеп болып отыр. Біз осы мәселемен айналысқан кезде, пәнді оқу бағдарламасынан алып тастаңыздаршы деп мұғалімдер жалынды. Біріншіден, өте ұят», – дейді Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, жылына 22 мың жасөспірім жүктілігі тіркеледі екен. Депутат Дариға Назарбаева бұл мәселені шешудің басқа жолын ұсынды. Оның пікірінше, жүктіліктің алдын алуға ерте шаңырақ көтеру көмектеспейді. «Меніңше, жасөспірімдердің мерзімсіз жүктілігін азайту үшін, оларды мүгедек балаларға арналған интернаттарға апару керек. Бұл нәтижелі жұмыс істейді», – деді ол.
Мақпал РЫСБАЕВА
Сіз не дейсіз?
Майра ЕСПОЛОВА, Шымкент қалалық АХАЖ бөлімінің басшысы:
– 14 жас түгілі 16 жастың өзін некеге тұруға ерте деп есептеймін. Бұрынғы заманда ерте шаңырақ көтеру мүмкін болған шығар. Қазір заман басқа, заң басқа. Жуырда Молдовада 14 жастағы қыз босанды. Ол әлі мектеп оқушысы емес пе? Не деген сұмдық?! Басқаны айтпағанда, жасөспірімнің бала көтеруге ағзасы да дайын болмайды ғой. Жалпы ерте жастан некеге тұрып жатқан ерлі-зайыптылар бізде де көбейіп келеді. Жыл басынан бері 16-18 жас аралығында 47 жас некеге тұрды. Бұл қазір қоғамда өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан, ерте некені заңдастыру туралы мәселенің қоғамда талқыланып жатқанының өзі жақсылықтың нышаны емес.
Үрзада АЙТӨРЕЕВА, ОҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– «Ерте некені заңдастыру» қажет деп есептейтіндер ата-бабамыздың «Он үште отау иесі» дейтініне сүйенетін шығар. Бірақ, ол кезде халықтың әлеуметтік тұрмысы өте нашар болған. Жаугершілік заманда етігімен су кешкен ер азаматтарымыз қырылып бара жатқан соң, ұрпақ өрбіту үшін ерте шаңырақ көтеруді жөн деп тапқан. Бірақ, бүгінгідей бейбіт заманда жастайынан отбасын құрып, әйелдердің ошақ қасында қалуы әбестік. Белгілі бір мамандық иесі атанып, өмірлік көзқарасы қалыптаспай жатып, ондай маңызды шешім қабылдауға әсте болмас. Егер жастарымыз бала кезінен отбасылық өмірімен арпалысып кететін болса соңы қандай боларын ешкім білмейді. Ерте некені жақтаушылар бүгінде жастардың төсек қатынасына ерте түсіп жатқан жағдайларын алға тартады. Меніңше, қыз-жігіттердің жыныстық қатынас туралы ерте ойлауына мектептегі «Валеология» пәнінің әсері көп болып жатыр. Психологиялық қозуға ұшыраған жасөспірімдер тіпті зорлау әрекеттеріне де баруда. Еуропа мемлекеттерінің менталитетіне сай бұл пәнді біздің бағдарламадан алып тастау керек деген ойдамын. Баласымен, немересімен жасты балаларға әйел мен еркектің жақындастығы туралы дәріс оқу мектеп мұғалімдеріне де жараспайтын іс. Дегенмен, бұл олардың күнкөрісі болып отырған соң, ұстаздар мәселені көтеруге жүрексініп те жүрген болар. Сондықтан, бұл пәннің бізге түкке де қажеті жоқ.
Назира НӨСЕРОВА, №2 Шымкент қалалық емханасының гинеколог-дәрігері:
– Негізінен, әйелдің босануға қабілетті жасы 18-49 жас аралығы. Ал жасөспірім кезеңде қыздардың ағзасы жыныстық қатынасқа түсуге, бала тууға дайын болмайды. Гормоналдық тұрғыдан енді-енді жетіліп келе жатқан кезде сексуалды қатынас, бала көтеру сияқты жағдайлар ағзаға салмақ салады. Ағза гормоналдық бұзылыстарға ұшырағанда түсік тастау қауіптілігі де жоғары. Тіпті босанған күннің өзінде оның аналық мейірімі, балаға күтім жасауы өз деңгейінде бола бермейді. Мұны тәжірибе көрсетіп отыр. Ерте некенің заңдастырылуы ерте жыныстық қатынасқа жол ашады. Ал қоғамда бұл жағдай жыныстық аурулардың белең алуына да әсер етпей қоймады. Ерте некеге тұрған қыздар ертең жалғызбасты аналардың қатарын толықтырмайтынына кім кепіл? Өмірге деген байыпты көзқарасы қалыптасқан кезде ер азамат оң-солын танымай үйленген жарын мойындай қоя ма? Бұл бастама келешекте медициналық мәселелермен қоса, әлеуметтік жағдайды да ушықтырып жіберетіні сөзсіз. 14-16 жастағы жасөспірімнің көзіне анықтап қараңызшы. Ол отбасылық өмірге дайын ба? Бастама көтеріп отырған депутаттар өз балаларын, немерелерін жеткіншек кезінен үйлендіре ме екен?