Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің осы жылдағы соңғы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әл Фараби алаңында саудаға түскен түрлі өнімдердің құны бұл күні шаһар жұртшылығының қалтасына қолайлы келді деуге болғандай. Жергілікті алма мен цитрустық өнімдер 100-150 теңгенің аралығында саудаланса, қызанақ пен қиярдың 1 келісінің бағасы 200 теңгенің көлемінде болды. Картоп пен пияздың келісі 50-70 теңгенің көлемінде сатылды.

Жәрмеңке

Гүлбар Оспанова, қала тұрғыны: «Бүгін жаңа жылдың дастарханына қоюға алма алдым, мандарин алдым. Тағы басқаларын да алдым. Бағалары да көңілімнен шықты. Аздап түсіп бер десең, түсіп береді.»

Жәрмеңкеде үлкен сұранысқа ие болған тауар — ет өнімдері болды. Жаңа жылға санаулы күндер қалғанын ескерсек, оны түсінуге де болады. Сатушылардың да мейрам қарсаңында клиенттерге жеңілдік жасауды шешсе керек. Шұжықтар 550-650 теңгеден сатылса, сиыр етінің келісін 1100 теңгеден саудалады. Ал жылқы қазысын 1500 теңгеден алуға болады.

Сәуле Мұсабекова, сатушы: «Жылқы етін 1100 теңгеден сатып жатырмыз. Семіз ет. Жаңа жылдың құрметіне  арнайы арзан сатып жатырмыз. Сатып алушылар риза болып кетіп жатыр. Өйткені, сатып алған етіне қазылық майын қосып беріп жатырмыз. Ал базарда жылқының еті 1300-1500 теңгенің аралығында саудалануда.»

Айгүл Қалауова, сатушы: «Адамдардың барлығы да жаңа жылдың қарсаңында азық-түлікпен қатар бал сатып алуды да ұмытып жатқан жоқ. Менің балым — Ресейдікі. Бағасы да қалтаға қонымды, 1300 бен 1500 теңгенің аралығында.»

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі келесі сенбіде де ұйымдастырылады. 2014 жылғы алғашқы жәрмеңкеден сіз де құр қалмаңыз. Өйткені, сатушылар тауарлардың бағасы жаңа жылда да көтерілмейді деп сендіріп отыр.