Көптен бері БАҚ беттерінде көрінбей кеткен қала басшысы Д.Сатыбалды кешегі аптада баспасөз брифингін өткізді. Шымкентте атқарылған 10 айлық жұмыстарға есеп берген әкім әлі де түйіні тарқалмаған мәселелердің көп екендігін айтты. Яғни, қала аумағының кеңеюіне байланысты шаһар сыртындағы елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, бала санының артуынан балабақша мен оқу ошақтарын тағы да көбейту мәселесі әлі де өзекті. Сондай-ақ, қалада жастарды өнерге баулитын саз мектептері жетіспейді. Тілшілерді мазалаған сұрақтардың бірі, қалаішілік жолаушы тасымалдайтын көліктердің мәселесі. Қалаған уақыттарында шығып, қаласа ерте үйлеріне қайтып кете салатын жеке меншік компания көліктерінің белгілі ережеге бағынбауы тұрғындарға кесірін тигізуде. Сондай-ақ, шаһар маңындағы елді мекендерге көліктердің аз қатынауы да тілге тиек етілді.
Әкім ауысқан сайын бір бас-тап, сосын тастап кететін қоқыс өңдеу зауыты шымкенттіктер үшін арман болғаны белгілі. «Бұл зауытты салсаңыз, Сіз тарихта қалуыңыз мүмкін» деп, әзіл-шыны аралас ұсыныс-сұрақ айтқан тілшілерге, осы мақсатта тиісті шаралар атқарылып жатқандығын айтты. Қала орталығындағы әл-Фараби алаңында қоршаулы тұрған қорғанның тұрғанына да бірталай уақыт болды. Бос жатқан жерге не салынатынын әлі ешкім де білмейді. Ал қала басшысы мұнда 2014-2015 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысан бой көтеретіндігін айтты.
Алайда, қалада осы уақытқа дейін атқарылған тірліктер де аз емес. Атап айтсақ, биылғы 10 айда өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 9,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,3%-ға өскен. Қалада шағын және орта кәсіпкерлік саласы да ерекше қарқынмен дамуда. Бүгінде 69 758 кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істеуде. Бұл көрсеткіш те былтырғыдан әлдеқайда артық. Сондай-ақ, халықты баспанамен қамту мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты үйлер бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Атап айтсақ, биылғы бюджет қаржысынан 4,7 млрд теңгеге 4350 пәтерлі 64 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, аяқталу үстінде екен. Әлеуметтік жаңғырту аясында да атқарылған тірліктер көп. Білім, денсаулық, мәдениет саласында пайдалануға берілген жаңа нысандардың саны артып, халықтың әл-ауқатын көтеру, демографиялық ахуалды күшейту мақсатында түрлі шаралар қолға алынуда.
10 айды қорытындылап, жағымды жаңалықтармен бөліскен Дархан Сатыбалды «2015 жылға қарай қала халқының саны 1 млн-ға жетіп, ірі мегаполиске айналуы тиіс» деп сөзін аяқтады.
Гүлнұр СӘТБАЕВА