Ауған соғысының ардагерлері қаруластарын еске алды

1359

Ауған соғысының ардагерлері қаза болған қаруластарын еске алды. 25-желтоқсан — Кеңес әскерінің Ауған жеріне енгізілген күні. Содан бері 34 жыл өтті. Сол шақта Отан алдындағы парызын өтегендердің саны жыл санап сиреп барады. Ауған соғысының ардагерлері біздің мәртебесі әлі де нақты шешілмей отыр деп санайды.

Бас-аяғы он жылға созылған Ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, соның 761-і қаза тапқан. Қанды даладан аман оралғандардың 3 мыңдайы мүгедектер қатарында.

Мұхтар Еесназаров, Ауған соғысының ардагері: «Жыл сайын 25-желтоқсан және 15-сәуір күні барлық ТМД елдерінде осылайша жиналамыз. Бауырларымызды еске аламыз.»

Қазақстанда бүгінде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагері бар. Соның 2 мыңы — оңтүстікқазақстандықтар. Жыл сайын олардың қатары сиреп барады. Биылдың өзінде облысымызда жауынгер-интернационалистердің жүзден астамы о дүниеге аттанды. Ал тірісінің әлі күнге шешілмеген түйткілі жетерлік. Соның бірі — мемлекеттен төленетін жәрдемақы жайы.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=PBMDc85PCfM[/youtube]

Ғалымжан Майқанов, ОҚО Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы: «Ардагерлерге 10 200 теңге төленеді. Оның қазір құны бар ма? Құны қалған жоқ. Қазір инфляция күн сайын өсіп жатыр. Жол жүруге де, дәрі-дәрмекке де жетпейді. Мүгедек болып қалған ардагерлердің отбасы бар. Бала-шағасы бар. Солардың тамағына жетеді ме?»

Айта кету керек, Ауған соғысы ардагерлерінің мәселесі қалалық мәслихаттының кезекті сессия отырысында да көтерілді. Депутаттар биылғы жылдан бастап ардагерлерге қаржылай көмектің мөлшерін ұлғайтуды ұсынды.

Евгений Хван, қалалық мәслихаттың депутаты: «Ауған соғысының ардагерлеріне берілетін қаржылай көмектің көлемін 20 айлық-есептік көрсеткішке дейін көтеруді ұсынамыз. Және ардагерлерді емделу орындары мен шипажайларға емделуге жеңілдіктерді сұраймыз.»

Қуантатын жайт — биыл 25 Ауған соғысының ардагеріне жаңа пәтердің кілттері табысталды. Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтарды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің дәрежесімен теңестіру мәселесі де көптен бері көтеріліп жүр. Оның да жақын арада шешімі табылып қалуы әбден мүмкін.