Аяз атаның ақысы қанша?

885
Аяз аталар сағытна 20 мың теңгеден қызмет ұсынады

Аяз атаны үйге шақыру қызметінің құны қанша тұрады? Осы сұрақ жаңа жыл қарсаңында ата-аналардың көбін мазалайтыны бар. Ал мерекелік қарбалас ақ киімді, ақ сақалды біраз адамға напақа табудың көзі. Тіпті, осы қызметті ұсынатын жеке мекемелер де ашылған. Осы орайда Шымкентте жаңа жылдық кештің басты кейіпкерінің бағасын ұсынып отырмыз.

Балалардың жүздерін бал-бұл жайнатып, ғажайыптар әлемін ашатын жаңа жылдық мерекенің басты кейіпкері — Аяз ата. Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызметте жүрген әртістер жыл сайын 23–желтоқсаннан бастап Аяз атаның кейпіне енеді. Солардың бірі — Мәжит Ілиясқаров жасының жетпістен асқанына қарамастан күн сайын балаларға арналған бірнеше мерекелік шараларды өткізеді.

Мәжит Ілиясқаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: «Күніне төрт мезгілден ойнаймыз. Балалардың көңілі үшін ойнаймыз. Балалар деп жүрміз ғой бәріміз. Бала көңілі бәрінен де қымбат. Бұл үшін жекеменшік мекемелер сынды қосымша ақша алмаймыз. Барлығы өзіміздің жалақымыздың ішінде.»

Ал мына Аяз атар мен Қарша қыздарды үйге арнайы тапсырыспен шақыру қажет. Және бұл қызмет — ақылы. Үш жылдан бері жаңа жылдық науқанда осы кәсіпті нәсіп етіп жүргендер өз алдына шағын мекеме де ашып алыпты. Таңғы сағат 9-дан бастап тапсырыс қабылдайтын топ, қас қарайғанда мейрамханалар мен тұрғындардың үйін аралайды. Кеш кейіпкерлерінің мерекелік бағдарламасына ән айту, жыр жолдарын ұсынумен қатар, балалардың көңілін көтеретін ойындар да кіреді.

Тапсырыспен жұмыс жасайтын мереке кейіпкерлері
Тапсырыспен жұмыс жасайтын мереке кейіпкерлері

Есқали Нарбеков, Аяз ата: «Бізде Аяз ата мен Ақша қарды үйге шақыру қызметінің бағасы — 1 сағатқа 20 мың теңге. Егер бір сағаттан асып жатса, ақшаны да қосамыз. Біздегі осы 1 сағаттық бағдарламамызда  балаларға тақпақ айтқызу және оларға ұлттық ойындарды ойнатып, қызықты әзілдер айтып, ән салдырып, би билету  бар. Бізге 31-желтоқсан күні де тапсырыстар түсіп жатады. Ол кезде біздің бағамыз 50 мың теңгеге дейін көтеріледі.»

Саида Әлқожа, Қаршақыз: «Тапсырыс тек бізге ғана түспейді, біздің қасымызда жүрген ертегі кейіпкерлеріне де  болады. Тиісінше қызмет ақысына сағатына 5000 теңгеден оларға да қосылып отырады.»

Аяз аталар сағытна 20 мың теңгеден қызмет ұсынады

Әр жылы Аяз атаны асыға күтетіндердің бірі — Тастанбековтер жанұясы. Бұл үйдің бүлдіршіндері Аяз ата келеді деген күні таңды әзер атырады екен. Тіпті, отағасы балаларының көңілі үшін жаңа жыл қарсаңында Аяз атаны бірнеше рет шақырған кездері де кездескен.

Сүгірәлі Тастанбеков, қала тұрғыны: «Жаңа жылда үйге Аяз атаны шақырып тұрамыз. Өзіміз үлкен отбасымыз. Сол үлкен жанұямызбен 20-25 мың теңгеге шақырамыз. Аяз аталардың да бағасы әр түрлі ғой. Мәселен, жақсы кітаптың да құны қымбат болады деген сияқты.»

Бұл кезде Аяз аталардың «саудасы» ғаламторда да қызу жүріп жатыр. «Аяз ата мен қарша қыз» немесе «Аяз атаны үйге шақыру» сынды түрлі мерекелік жарнамалар әлеуметтік желілерде жарқырай көзге түседі. Тіпті телефон нөмірлері мен тапсырыс сомасы ашық жазылған. Ондағы баға 7000-нан 50 мың теңгеге дейін жетеді.