Бәйдібек ауданында далада қой бағып, күнелтіп жүрген шопанның үйіне қарақшылық шабуыл жасалды. Алты адамнан тұратын топ таңға жуық қойшының үйіне қарумен баса-көктеп кіріп, қыстық көмір мен киім алуға деп жинаған 3 мың долларға жуық қаржысын тартып алып кеткен. Шабуыл жасалған кезде үйде екі және үш жасар бүлдіршінмен қоса үш ересек адам болған. Бір сағаттай үйдің ішін тінтіп, астаң кестеңін шығарған қарақшылар үй иесін ұрып-соғып, тіпті, кішкентай бөбектердің көзінше оқ атыпты.
Таңғы төрттің шамасында баса-көктеп кірген бір топ жігіт үй иесі — Нұржан Жұмабековтың басына бірден қару тақапты. Бірі шопанның көмекшісін ұрып-соға бастаса, енді бірі бөлек бөлмеде жатқан бала-шағаға қырғидай тиген.
Нұржан Жұмабеков, қойшы: «Былай қолшамды жағып, қараасам, үшеуінің қолына шолақ мылтықтары бар екен. Сосын шығыңдар деп, қолшаммен ұрып едім, мылтықпен атып жіберді. Сосын артқа қарай шегіндім де, «Кірмеңдер, мына жақта бала-шағам бар, алатындарыңды алыңдар да кетіңдер» деп едім, біреуі келіп, қолымнан шоқпармен ұрды.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=bVM-8Tqa2f4[/youtube]
Бір сағаттан астам үйдің ішінде ойран салған қарақшылардан бүлдіршіндер әбден шошынып қалған. Мылтық және тапаншамен қаруланған топ балалардың көзінше бір-екі рет оқ та атып жіберіпті. Бөлмеде болған әйелі мен қос бүлдіршінге қарамаған озбырлар Нұржанның қолын скотчпен матап, үйдің ішін тінткен. Заттардың бәрін қиратып, ақша іздегендер шопанның қой сатып, жиған 300 мың теңгедей ақшасы мен әйелінің күміс әшекейін де алып кетіпті.
Бибігүл Әбдірахманова, Нұржан Жұмабековтың жұбайы: «Мына балам сөйлемей қалды. Төрт күннен бері сөйлемей, енді ғана бір сөздерді айта бастады. Он күннен бері ауырып та жүр. Түнде шошып оянады. «Папа, ана бабайлар келе жатыр, пах-пах деп» жылайды. Сосын папасы мылтықты алып, ана жаққа, мына жаққа жүгірсе, содан кейін барып ұйықтайды.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=cFIGycXjOI0[/youtube]
Қарақшылар ақшамен қоса қойшының қасқырдан қорғанар мылтығын және есік алдындағы екі көлігін мініп қашқан. Таңға жуық темір тұлпарлар тасжол маңынан табылды. Қарақшылар машинаны бүлдіріп кетіпті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=kOPRW35mEi8[/youtube]
Полицейлер Бәйдібек ауданында дәл мұндай озбырлықпен жасалған қылмыс былтырдан бері алғаш рет тіркеліп отыр дейді. Қазіргі таңда қойшының өзі мен отбасы мүшелерінің сипаттауымен күдіктілердің фотороботы жасалды. Дегенмен, сезіктілерді үркітіп алармыз деп, оны тілшілерге берген жоқ. Тек, қылмыскерлер ұсталады деп сендіреді.
Тұрар Жақашов, Бәйдібек аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары: «Қылмыстық істі тергеу барысында 3-4 болжам жасадық. Бұл қылмыс ұйымдастырылған деп ойлаймыз. Себебі, барлығы үйге кіргенде бастарына бетперде кимеген, өздерін дөрекі ұстаған. Және ақша бар екенін білген деген болжам бар бізде.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=QWuNY8-t_o8[/youtube]
Ал Нұржан Жұмабеков енді өз үйімді өзім қорғаймын деп шешті. Достары мен туыстарынан қарыз алып, есік-терезені темірден салдырмақшы. Бесатары да мұнан былай күндіз-түні жанында. Енді келген ұры-қары мен қарақшыларды ескертпей-ақ жайратуға бел буып отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=7ljj98iVdzc[/youtube]