Оңтүстік Қазақстан облысы бюджетінің 65 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Исаева Роза облыс әкімі аппаратында өткен брифингте мәлімдеді. Роза Әбдірқызының айтуынша, соңғы бес жылда жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен төлемдердің мөлшері екі есеге артыпты. Сонымен қатар, бюджеттің кірісіне түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің көлемі де өскен. Мәселен, биылғы жылдың 11 айында жергілікті бюджетке түсетін салық пен басқа да түсімдердің жоспары 105,2 %-ға орындалыпты.
Өткен жылғы осы кезеңімен салыстырғанда қазынаға жоспарланған түсімдер 12,4%-ға көбейген. Жыл қорытындысымен жергілікті бюджетке 70 миллиард теңгеден астам қаржы түседі деп болжам жасалуда.
Роза Әбдірқызының хабарлауынша, облыста 2384 мемлекеттік және мемлекеттік қатысу үлесі бар заңды тұлғалар әрекет етеді. Оның 1741-і мемлекеттік мекеме болса, 534-і мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын, 54-і шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын, ал 50-і мемлекеттік үлесі бар жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 5-і акционерлік қоғамдар.
Жалпы облыстағы мемлекеттік кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық жағдайына жан-жақты талдау жүргізіліп, соңғы төрт жылда 510 заңды тұлға жойылыпты.
Дереккөз: Облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі