Депутат Бауыржан Сейітжанов — Әл Фараби ауданының №14 сайлау округінен халық қалаулысы атанған. Осы уақытқа дейін депутат тұрғындардың мәселелерін шешу үшін 5 ақпараттық, 22 депутаттық сауал-ұсынысын жолдапты. Олардың кейбіреулері тиісті мекемелер тарапынан қолдау тауып, мәселенің шешілуіне себеп болған.
Бауыржан Сейітжанов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің тарапынан Янгичек каналының жағасын бетонмен қаптау үшін 421 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалған. Мекеме қазіргі таңда осы мәселені шешу бойынша қаржы қаралып жатқанын хабарлады.»
Тұрғындар қынжылыс білдірген тағы бір мәселе — көне қала орамындағы ішкі орам көшелерін асфальттау мен аулаларда балалар алаңшаларының жоғы. Сондай-ақ, Володарский және Курнакова көшелерінде орналасқан үйлердің ауласын абаттандырылмағаны белгілі болды. Сайлаушылар осы сынды түрлі мәселелер туралы тиісті мекемелерге хат жазғанымен, толыққанды жауап ала алмай келеміз дейді. Ал тұрғын үйлерді жаңартуда кеткен кемшіліктер — өздігінше бөлек тақырып.
Айша Тұрбаева, тұрғын: «Подьезіміз қап-қараңғы. Істейміз деп уәде бергендеріне үш жыл болды. Әлі сол күйі, үш жыл өтті. Шаң басып жатыр, керамикасы да құлап жатыр.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=akeyWnOip8k[/youtube]
Ғаппар Есенов, «Тұрғын үй — Шымкент» ЖШС-нің директоры: «Жылына екі рет жуып тұрмаса, беті шаң болады. Бұл туралы қала әкімдігіне хабар бергенбіз. Екі ортада қала әкімі ауысып, уақыт ұзартып алдық. Енді жуық арада бұл мәселеге ақша бөлінеді деп отырмыз.»
Бұл күні тұрғындар шешімін таппай жүрген мәселелерін жайып салды. Бәрінен құлағдар болған депутат алдағы уақытта өзінің тікелей араласуымен олардың шешілуіне атсалысатынын жеткізді.