Есірткімен күрес нәтижесін бермей отыр

357
жиын барысы
Облысымызда есірткі бизнесі шиеленіп барады. Қағаз жүзінде қызу күрес жүргізілгенімен, шын мәнісінде атқарылып жатқан жұмыс жоқ көрінеді. Сондықтан болар, өңірімізде есірткіге байланысты қылмыс саны 36,7 пайызға өскен. Бұл туралы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында аян болды.  Штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Оспанов, әсіресе, есіртікі бизнесін жоюда салғырттық танытып отырған аудан, қала әкімдерінің орынбасарларын сынып алды.
жиын барысы
Жиын барысы

Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші көтерілген тақырып — 2013 жылғы 25-маусымдағы өңірлік ведомствоаралық штаб отырысының хаттамалық шешімінің орындалуы бойынша облыс әкімі аппаратының қылмысқа, терроризмге қарсы күресті үйлестіру және мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Сұлтанғали Атыхаевтың баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, штабтың аудан, қалалар бойынша жұмысы өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Бұл жергілікті жерлердегі штабтың бекітілген төрағалары, аудан, қала әкімдерінің жауапты орынбасарларының салғырттығынан көрінеді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Серікұлы бұл мәселе бойынша Шымкент қаласы, Қазғұрт, Төле би ауданы әкімдерінің орынбасарларынан не себепті хаттамалық шешімнің орындалмай отырғандығын сұрады. Мәжіліс төрағасы бұдан былай тапсырмалар орындалмаған жағдайда жауапты қызметкерлерді қатаң жазалайтынын ескертті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе есірткі трафигі арналарын жою, есірткі қылмысына қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жандандыру болатын. Ол бойынша облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі басқармасының басшысы Дауренбек Қалғынбаевтың, Көліктегі ішкі істер департаменті Шымкент станциясындағы ішкі істер желілік басқармасының басшысы Талғат Садуовтың баяндамалары тыңдалды.
 
«Мәселе өте күрделі. Бізге нақты көрсеткіштер керек. Сіздерге қажетті қолдаудың барлығы жасалынып жатыр деген ойдамын. Тек, тиянақты  жұмыс ғана керек» деді Берік Серікұлы. Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі басқарма тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар айтылды.
Жастар арасында есірткі қолдану, шылым шегу, ішімдік, нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Абзал Әліқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбіш баяндама жасады. Абзал Шымкентбайұлының түнгі уақытта жастар көп баратын ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын шектеу керек деген ұсынысын облыс әкімінің бірінші орынбасары қолдап, заңға қайшы келмесе ұсынысты хаттамаға енгізу қажеттігін айтты.
Мәжіліс қорытындысында Берік Оспанов тиісті мекемелердің басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, оларды өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.