Көкөніс қоймаларының бағаға әсері

«Асар» шағынауданындағы «Асар КZ» көкөніс сақтау қоймасында ауыл шаруашылығы өнімінің 10 шақты түрі жиналған. Жалпы салмағы 700 тоннаға жуық. Негізінен Сарыағаш ауданынан сатып алынып жатқан өнімді қойма басшылығы көкөніс бағасы қымбаттаған тұста нарыққа шығармақ. Бірақ, қымбат бағамен емес, әр тауарға 5-10 теңгеден артық қоймаймыз дейді.

Былтыр өңірімізде 163 қойма болса, биыл оның саны 17-ге артып, 180-ге жетті. Яғни, Оңтүстіктегі жалпы қоймалар сыйымдылығы 200 мың тоннаға артты. Бұл өңірдегі жеміс-жидек пен көкөніс өнімінің артқанын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да бұл сөзімізді қуаттайды. Жалпы өнім өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артыпты. Әсіресе, алма өсіруде озықпыз.

Қанатбек Оспанбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «163 мың тонна алма мен жүзім өндірілді. Ал біздің қажеттілігіміз 60-ақ мың тонна. Екі еседен артық өнім өндіріп жатырмыз. Тіпті, үш есеге дейін. Қазір Түлкібас ауданының өзінде 3 мың тоннаға жуық алма бар.»

[youtube]http://youtu.be/c4xg1Kp_vls[/youtube]

Еккеніміз берекелі болды. Оны сақтайтын қоймалар да көбейген. Тіпті, өнімдердің көтерме бағасын 5-10 теңгеден арттырмаймыз дейді олар. Ал базардағы баға қандай? Қанатбек Оспанбеков айтқандай, өзімізде асып-тасып, тіпті, қоймаларда тұрып қалып жатқан алманың бағасының өзі 200 теңгеден кем емес қазір. Картопты 100 теңгенің үстінде аласыз. Пияз да сондай.

Алайда, мұны, алыпсатарлардың өзі арзанға балап отыр. Дегенмен, сатып алушының да уәжі бар. Тіпті, оның пікірі саудагердің жауабына кереғар келеді. Өйткені, былтыр көкөніс бағасы бүгінгіден 20-40 теңгеге арзан болған дейді.

Сырттай бақыласақ, көкөніс қоймалары босатқан бағаға 10-20 теңге емес, 50-60 теңгеге дейін ақша қосылып жатқандай. Бірақ, бағаны көтеріп жатқан кім? Алыпсатарлар ма? Әлде қойма қожайындар ма? Белгісіз. Белгілісі сол — келер жылы Оңтүстікте тағы да 10 қойма салынбақ. Оның ауыл шаруашылығы өнімінің бағасына қаншалықты әсер етерін тағы да ешкім білмейді.