Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің студенттері Президент күнін тойлауды әнұранды әуелете шырқаумен бастады. Қолдарын жүрек тұсына қойып Отанға, Елбасының кемеңгер жолына деген құрмет-ықыласын білдірді. Патриоттық шара аясында Н.Әбішұлының өміржолынан сыр шертетін баяндамалар да оқылды. Ал І курс студенті Мадияр Байбол көптің алдында жүрекжарды жыр-шашуын ұсынды.
Мадияр Байбол, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің студенті: «Мен еліміздің Президентін құрметтеймін. Небәрі 22 жылдың ішінде адам сенгісіз жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан бәсекеге қабілетті дамыған елдер қатарына қосылды. Сондықтан Қазақстанның азаматы бола тұра, еліміздің болашағына үлес қоспауға құқымыз жоқ деп ойлаймын. Мен қазір информатика пәнінің мұғалімі мамамдығы бойынша білім алып жүрмін. Болашақта осы салада шәкірттерді білім нәрімен сусындату арқылы еліміздің гүлденуіне өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.»
Бұл күні студенттер арасында тұңғыш Президентіміздің құрметіне арналған ғылыми конференция да өтті. Жастар өзара елдің өткені мен бүгінін саралап, алдарына межелеген мақсат қойды. Тіпті, Елбасының жолдауымен үндесетін еңбектерді де таразылады.
Айта кетейік, бүгінде 10 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан педагокикалық колледжі педагогикалық, техиникалық , құқықтық сынды 4 бірдей бағыт бойынша білім беріп жүр. Ал колледж басшылығының айтуынша, білім ордасы айтулы датаға айрықша дайындалған.
Гүлнәр Ибрагимова, ОҚПК-нің директоры: «Тек концерттік бағдарламалар ғана емес, қабырға газеттері, жыр-айтыстан сайыс өткізіп жатырмыз. Және пәнаралық додалар да ұйымдастырдық. «Ғасыр ғұламасы» тақырыбында ең үздік шығармағаларға бәйге жарияладық. Енді бүгін жеңімпаздарды жариялап, марапаттап жатырмыз. Менің ойымша, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің студенттері болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы секілді елі үшін қызмет етеді деп ойлаймын, бұған сенімім мол.»
Оқу орнындағы осы іс-шара тағы бір қуанышқа ұласты. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің студенті Кәмила Барбосынова Семейде өткен халықаралық «Таэквондо ITF» жарысында 1-орынды жеңіп келіпті.
Кәмила Барбосынова, ОҚПК-ның студенті: «Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын, бұл менің ғана емес, оқу орнымның да жеңісі деп есептеймін! Себебі, колледж басшылығы маған қолдау көрсетті, достарым демеп, Шымкентте менің жеңісімді тілеп отырды. Енді Непалда өтетін халықаралық жарысқа жолдама алдым. Алла қаласа, жеңіспен ораламын деп ойлаймын.»
Енді 15 жасар ару келер жылы сәуірде, Азия құрлығындағы Непалда өтетін сайысқа жолдама алыпты. Ал Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің ұжымы ұстаздық жолды таңдаған жастарға білім беріп, үздік мамандар даярлау жолында жұмысын жалғастырмақ.