Мүгедектер де жұмыс істеуі керек

56 жастағы Мейманкүл Тұрдалиеваны әпкес Айнагүл қарайды

Кез-келген мемлекет өз қоғамындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға бей-жай қарай алмайды. Қазақстанда олардың өмірін жақсартуға түрлі бағдарламалар іске асырылуда. 56 жастағы Мейманкүл Тұрдалиева жүйке жүйесі дертіне шалдыққан. Әпкесі Айнагүлдің айтуынша, ол тағдырдың жазуымен туылғанынан мүгедектіктің қамытын киген. Жүріп-тұрмақ түгілі өздігінен ас іше алмайтын оны қазір жалғыз әпкесі бағып-қағады. Айтуынша, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға Үкіметтен жәрдемақы ғана бөлінеді. Ал төрт қабырғаға қамалған науқасқа жарық күнді көрудің өзі арман.

56 жастағы Мейманкүл Тұрдалиеваны әпкес Айнагүл қарайды
56 жастағы Мейманкүл Тұрдалиеваға әпкесі Айнагүл қарайды

 Айнагүл Тұрдалиева, әпкесі: «Мен де екінші топтағы мүгедекпін. Мына сіңлім екеумізге Үкіметтен қандай  көмектің бар екенін білу үшін тиісті мекемелерге барғанмын. Алайда, не гигиеналық керек-жарақ, не қоларба берілмейді екен. Мен өзім жүріп-тұра аламын. Ал сіңлім бір орында отырады. Мүгедектердің мерекелері бар емес пе, сол күндері бір қуантып, сіңліме қоларба берілсе деймін.»

Ал ІІ топтағы Ерлан Садықов 15 жасында бір аяғынан айрылған. Өмірі балдаққа таңылған оған Үкімет тарапынан екі бөлмелі пәтер берілген. Айтуынша, үйдің құрылысы сапасыз болып шығыпты, жыл өтпей жатып-ақ едені мен қабырғалары бүлінген.

 Ерлан Садықов: «Үйді алу үшін 26 жыл кезекте тұрдым. Үй береді дегенді естігенде отбасыммен қуандық. Бірақ, 5-6 айдан кейін-ақ үйдің әр жерінен әртүрлі ақаулар шыға бастады. Мүгедектерге арнап үй соққанына рахмет! Бірақ, лифт 1 күн істесе, 4 күн істемей тұрады.  Бұл үй — 9 қабатты.  Жоғары қабатта да мүгедектер мен зейнеткерлер  тұрады. Олар да қиналып жүр.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6Qk2Z3S97bY[/youtube]

Қазір қаламызда 21 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жұмыспен қамту бөлімі мамандарының айтуынша, бағдарламаға сәйкес барлық тапсырмалар арындалуда. Дәрігерлік еңбек комиссиясы мүгедектерге қажетті заттар тиісті мамандарға тізім арқылы жібереді. Олар сол тізім арқылы Үкіметтен қаржы сұрайды. Қазір мүгедектердің көбісін жастар құрап отыр.

 Мақсат Жолдасбеков, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Үш пайыздық квота белгіленген. Барлық мекемедегі жұмысшылардың жалпы санының 3 пайызын осы мүмкіндігі шектеулі жандар құрау керек. Қазіргі уақытта бұл тапрсырмаға атүсті қарап отырған мекемелер бар. Көбіне үшінші топтағы мүгедектер еңбекке жарамды болғандықтан, оларға мейлінше жұмыс тауып беруге көмектесіп келеміз.»

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар, ақыл-есі және дене қимылы мен қозғалысы шектеулі адамдар үшін арнайы денешынықтыру-сауықтыру және спорттық орындар жоқтың қасы. Сонымен қатар қаламызда 4-ақ әлеуметтік тегін көлік қызмет атқарады. Бұл қазір мыңдағын мүгедегі бар күнгей үшін тапшы болып отыр.