Мектептерде жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін инспекторлар тапшы. Осылай деп мәлімдеген ювеналды полиция басшылары жеткіншектер арасындағы бұзақылықпен күресу үшін тағы да қол сұрап отыр. Алайда, осы саладағы тәртіп сақшыларының қызметі пысықталған жиында олардың қызметі қатты сынға ұшырады.
Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Сіздер қазір 800 қосымша инспектор сұрап отырсыздар. Осы уақытқа дейін 200-і дұрыс жұмыс жасамағанда, 800-ін не істейсіздер?»
Әлімжеттікке бой алдыратын, тәрбиесі қиын балалар үшін арнайы мектеп инспекторлары тағайындалған-ды. Бұл күнде облыс аумағында 203 мектеп инспекторы балалардың тәртібін қадағалайды. Бүгінде арнайы есепке алынған 872 жасөспірімнің әр қадамы полицейлердің бақылауында болғанмен, бұзақылық азаяр емес. Оның себебі балалардың құқын қорғау департаменті жүргізген тексеруде анықталды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=c2KhfGhtHO8[/youtube]
Белгілі болғандай, бекітілген инспекторлар білім ошағының табалдырығын да аттамайды екен. Жұмысын жүйелі атқарып жатыр деген мектептердегі оқушылар өздерінің инспекторларын танымайтын болып шықты. Ал тентекті тезге салатын инспекторлар «қатарымыз аз» деп ақталды.
Ғалым Жетібаев, облыстық ювеналды полиция бөлімінің басшысы: «Қазығұрт ауданындағы инспектордың өзінің сөгісі бар еді, сонымен шектелдік. Ордабасы ауданының инспекторының да өзіне көрілген шарасы болған, сонымен шектелді. Ал қазіргі таңда олар бойынша бұйрығын алып, сіздің атыңызға хат дайындап, кемшіліктерді түзеп жатырмыз.»