Шымкентте «Студенттік бизнес-инкубатор» ашылды. «Мирас» университетінің жанынан жұмысын бастаған ұйымның негізгі мақсаты – студенттер арасында кәсіпкерлікті қолдау мен бизнестің қыр-сырына үйрету.

Бизнес-инкубатор

Аталған университеттің 7 мыңнан астам студенті енді өз бизнесін бастап, оны дамытуға мүмкіндік алыпты. Мұндағы ізденушілерге жиһазы бар, компьютерлері ғаламтормен қамтылған жеке бөлме берілген. Бизнес-инкубатордағы семинарлар мен бизнес оқытулар аптасына бір рет өткізіледі. Мұндағы ерекшелік – тек оқытушылар ғана емес, тасы өрге домалап отырған бизнесмендер де дәріс бермек. Бұл – Қазақстандағы дәл осындайтұңғыш жоба болып отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, мұндай дәрістердің жұмысы шетелде жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде батыстың экономикасы бәсекеге қабілетті.

Облыстық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен болып жатқан шарада жыл соңына дейін осындай 5 бизнес-инкубатордың ашылатыны айтылды. 2014 жылы облыста тағы да студенттерді оқытатын 15 бөлме жұмысын бастамақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=EowePQ1CfCA[/youtube]

Өңірде 120 мыңнан астам кәсіпкер бар. Ал 16 мен 29 жас аралығындағы жастардың саны 770 мыңнан асып жығылады. «Соларды бизнеске ертерек үйретіп, оқытсақ, өңірдегі кәсіпкерлік одан әрі дамиды деген сенім бар. Әрі ол өз кезегінде салықтың көп төленуіне түрткі болып, қазынаның қалтасын қомпайтуға сеп болады» дейді ұйымдастырушылар.

Студенттер болашақта қызықты жобаларын ұсынар болса, кәсіпкерлер палатасы тарапынан қайтарылмайтын грант бөлінбек.