Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу 100 пайызға жеткен. Бүгін 11 айды қорытқан облыстық тіл басқармасының басшысы Балқия Көмекбаева осындай мәлімдеме жасап, республика бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы 1-ші орында тұрғанын мақтанышпен жеткізді.
Алайда, мемлекеттік емес мекемелер бойынша бірде-бір мәлімет бере алмайтынын қынжыла айтты. Өйткені, жекеменшік нысандарға тексеру жүргізу заңға томпақ келеді екен.
Одан бөлек жер-су аттарын қазақшалауда тындырымды тірлік бар деді басшы. Облыс бойынша 186 ауылдық округ болса, соның 164-інің атауы қазақшаланған. Жарнама баннерлері бойынша да түсіндіру жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Бірақ нәтиженің жоғын басқармадағы маманның небәрі үшеу-ақ екенімен түсіндірді.
Қуантарлық бір тұс бар. Ол — жақында тіл заңына қосымша құзіреттің берілгені. Егер жаңа заң өз дәрежесінде жұмыс істесе, мемлекеттік тілді менсінбей жүрген кәсіпкердің күні қараң болмақ.