Оңтүстіктің экологиялық ахуалы мүшкіл. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың төрағалығымен өткен жиында осындай мәлімет айтылды. Олай деуге негіз бар. Өйткені, облыстағы 200-ден аса қоқыс полигонының аты болғанымен, заты жоқ. Жер-жаһанды алып жатқан қоқыстарға өзіміз де куәміз. Жасыл желек егуде да жетісіп  тұрған жұмыс жоқ. Көш соңында Кентау қаласы қалып барады.

Облыстағы қоқыс полигондары талапқа сай емес. Полигон деген аты болмаса, шашылған қоқыстар желге ұшып жатыр. Өңірде 200-ден аса тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын болса, соның жарым бөлігінің рұқсат қағазы жоқ. Мақтаарал, Түлкібас, Сайрам, Төлеби аудандары құжат рәсімдеуді ескермесе керек. Енді сол салғырттықтары үшін айыппұл төлейді.

 Мұхит Отаршиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Қатты тұрмыстық полигондардың қоршаған ортаға эмиссиялық құжаты болмауынан салық кодексінің 495-бабына сәйкес, он еселенген мөлшерде айыппұл төленетін болады. Ол заң бұзушылық болып табылады. Ол қоршаған ортаға келтірген зияны бойынша есептеледі. Мен ойлаймын, бұл аудан бюджетіне кері әсерін тигізеді. Себебі, 10 еселенген көрсеткіш — бұл біраз ақша.»

 

Қоқыс алаңдарының құжаты болмауын аудан басшылары оларды біріктіріп жатқанымен түсіндірді. Әрі болашақта қайта өңдеу зауыттары салынатынын да алға тартты. Мәселен, Мақтааралда 21 полигон жабылып, енді 5-уі ғана қалмақ. Бұл оңтайландыру шарасының тиімділігіне Әли Бектаев күмән келтірді.

 Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары: «Менің ойымша, жетпейтін сияқты. 320 мыңнан астам халқы бар ауданға 5 полигон ғана қалдырамыз дегенге мен өзім сеніп отырған жоқпын. Жоғары жақтағы жауапкершіліктен қорқып, полигондардың санын азайта салу — оңай. Ал ертең халықтан шығатын тұрмыстық қалдықтар бір жерге бару керек. Одан қайта сіздер шағын-шағын болса да үнемі тазаланып тұратын полигон жасаңыздар. Бюджеттен экономдаудың керегі жоқ.»

Мұнан бөлек «Жасыл аймақ іс-шара жоспарының орындалуы көңіл көншітпейді. Ең төмен көрсеткіш — Кентау қаласында. Кеншілер қаласында көгалдандыру жұмыстарын небәрі 61 пайызға орындалған.

Жиында қаралған 3 мәселенің бірі — коммуналдық меншіктегі су нысандары. Ондағы құжаттандыру ісінде де кемшілік көп. Мәселен, облыстағы 900 су арнасының 770-і ғана тіркелген. Облыс әкімінің орынбасары құжаттандыру жұмыстары келер жылдың мамырына дейін бітуі тиіс екенін шегелеп айтты. Өйтпеген жағдайда әрбір жауаптының ісі майшаммен қаралмақ. Енді осы кемшіліктерді реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.