Бір-бірінің абыройын айрандай төгіп, онысын тағы ұялы телефонға түсіріп алатын жастар азаяр емес. Жақында ғаламторда осындай тағы бір бейне көрініс пайда болды. Оның төркінін іздеген прокуратура таспаның Шымкентте жасалғанын анықтаған. Қазір осы іс бойынша күдіктілер ұсталып, тергеу жүріп жатыр.
Мына бейнероликте 4 жігіт кәмелет жасқа толмаған жасөспірімге әлімжеттік жасап жатқаны анық байқалады. Оған қоса ролик авторлары жеткіншекке әр түрлі жануардың дауысын салуға мәжбүрлеп, әбден қорлаған. Аяғын сүйгізіп, балағаттаған да.
Ермек Айтымов, Абай ауданы прокурорының орынбасары: «Әлімжеттік көрсеткендердің біреуі ұсталды, қамауда жатыр. Қасындағы үш жігіт іздестірілуде. Мұндай қылмыс жасаған олар жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nYZOYm5HLmY[/youtube]
Ал тағы бір кадрларда 11-сынып оқушылары бір-бірімен жұлысып жатыр. Естерінізге сала кетейік, Мақтаарал ауданында сабақ үстінде ұялы телефондағы әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп отырған қыздардың әңгімесі балағат сөздерге ұласқан. Мұны қорлық санаған бұрымдылар дәрістен соң кездесіп, жұдырықтасуға дейін жеткен. Аяусыз айқасты тамашалап тұрған оқушының бірі ұялы телефонына түсіріп алыпты.