Оңтүстік Қазақстан облысында алты бірдей колледждің жұмысы тоқтатылады. Олардың екеуі — мемлекеттік оқу орындары.
Кезекті прокурорлық тексеруден соң бақылаушы орган осындай шешімге келген. Кәсіптік білім беретін мекемелерде тиісті талаптар сақталмай, өрескел заңбұзушылықтарға жол беріліп келіпті. Материалдық техникалық базасы сай емес. Кітап қоры да жеткіліксіз. Мамандар біліктілігі де төмен.
Соған қарамастан, колледждерге мемлекет тарапынан қаражаттар бөлінгені анықталып отыр. Айта өтейік, кәсіптік мамандар дайындайтын осынау колледждер Мақтаарал, Сайрам аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында орналасқан.
Қазір қадағалаушы орган өкілдері облыс орталығындағы бір колледжі мемлекеттік лицензиядан айыру бойынша сотқа талап-арыз түсірді. Өйткені, заңды түрде оқу орны жастарға білім беріп жатқанымен, тұрақты мекенжайы болмай, көшіп-қонып жүріп, дәріс оқылған.
Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Амангелді Нақыпбековтың айтуынша, олқылықтарға қарамай орта оқу орындары әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді екен. «Өйткені заң бойынша оларға кемшілікті жоюға алты ай көлемінде уақыт беріледі. Егер осы мерзім ішінде заңбұзушылықтар ретке келтірілмесе, онда оқу орындарының лицензиялары кері қайтарылып алынады» дейді ол.