Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен баспасөз-мәслихаты өтті. Жыл бойы атқарылған жұмыстарға есеп берген облыс басшысы Шымкенттің таяу жылдарда алып мегаполиске айналатынын жеткізді.
Елордада өткен жиында Мырзахметовтың мақтанышпен мәлім еткені — көлемі 363 гектарды алатын әкімшілік-іскерлік орталығының салынып жатқаны болды. Дүйім жұртты қызықтырғаны да осы. Бүгіннің өзінде мұндағы «Отырар» облыстық кітапханасы мен көрме орталығы ашылып, ел игілігіне берілген.
Ауылдағы ағайын да таза суды қанып ішіп отыр деді өңір басшысы. Олай дейтіні, жыл басынан 665 ауылға тіршілік нәрі жетсе, жыл соңына дейін 28 елдімекен көгілдір отынға жариды екен. Шаруаның да жайы ұмыт қалмаған. Суармалы алқапқа жылан жылында 145 мың гектар жер қосылыпты. Нәтижесінде ішкі өнім ұлғайып, экономикамыз қарыштаған. Соның арқасында Оңтүстік өңірі республикадағы жалпы рейтинг бойынша бірден бес сатыға өсіпті. Қазір ОҚО республика бойынша бесінші орынға шықты.
Асқар Исабекұлы Түркістанда келер жылы зиярат етушілерге арналған кешеннің де ашылатынын мәлімдеді. Одан бөлек, жаңа жылдан бастап облыста кәсіпкерлер мектебі жұмыс істемек. Қысқасы, 1,5 сағатқа ұласқан баспасөз алқасында түйіні тарқамаған сұрақ қалған жоқ.